Абай музейі және Мұздыбай Бейсенбайұлының мұрасы
Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында 16 қазан — Абай музейінің құрылған күніне орай және абайтанушы, зерттеуші Мұздыбай Бейсенбайұлының 95 жылдығы аясында «Абай музейі және Мұздыбай Бейсенбаев» тақырыбындағы көрмесі ашылды.
Көрменің ашылуында сөз алған музей диреторы Ұ.Сағадиев, филология ғылымдарының докторы, профессор А.Еспенбетов, Абай музейінің ардагері М.Мұхамедова Мұздыбай Бейсенбаевтың әдебиет зерттеушісі, абайтанушы ретінде Абай мұрасын жинақтап, оны зерттеу мен тану мәселелері жайында тыңғылықты еңбек сіңіргенін атап өтті. Сонымен қатар, зертеушінің баласы С.Мұздыбайұлы көрменің ашылуы мен музей ардагерінің атын ардақтап жатқан музей ұжымына алғысын білдірді.
М.Бейсенбаев Абай музейінің экспозициясын жаңарту мақсатында Семей, Алматы, Омбы, Мәскеу, Санкт-Петербург, Түмен-Тобол, Томск, Қазан және Ташкент қалаларындағы архивтерді ақтарып, мұрағатта сақталған өте құнды материалдарды ғылыми айналымға түсірген зерттеушілердің бірі.
«Абай музейі және Мұздыбай Бейсембаев» көрмесінде музей ісі маманының жеке заттары мен ғылыми сапарларынан сыр шертетін аса бағалы мұрағат материалдары, ғылыми-танымдық еңбектері орын алған. Музей меймандары абайтанушы жайындағы замандастарының естеліктері мен лебіздерін тамашалады.