Бас музей
Семей қаласында ұйымдастырылған қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі – Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей.
Абайдың мемлекеттік қорық-музейі қазақтың ұлы жазушысы, академик М.О.Әуезовтің ұсынысы бойынша 1940 жылы ұлы ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қазақ ССР-нiң Халық Комиссарлар кеңесiнің 1 сәуiрдегі №347-қаулысы бойынша музей Бекбай Байсовтың үйінде ашылып, ал 1944-1967 жылдары Әнияр Молдабаевтың, ал 1967 жылы Мәңгілік ел көшесі 12, көпес Р.Ершовтың үйінде орналастырылды.
Бұл үй орналасқан көше, Абайдың көп жүрген жерінің бірі болып саналады. Осы көшенің бойында Абай жиі келген орталық кітапхана орналасқан. 1967 жылдан бері «Абай дәуірі», «Абайтану», «Абайдың ақын шәкірттері», «Абай халық жүргеінде» атты залдар орналасса, ақынның 175 жылдық мерейтойына орай «Абайтану», «Тәуелсіздік және абайтану», «Галерея. Абай бейнелеу өнерінде», «Көрме залы» атты залдары орналасты.
Ғимараттың жалпы көлемі – 622,6 ш.м., экспозициясы – 278 ш.м. Ғимарат Семей облыстық атқару комитетінің 1963 жылы 9 тамыздағы № 404-15 шешімі бойынша Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінің иелігіне берілді.
Музей әкімшілігі орналасқан ғимараты Семей қаласы Қ.Мұхамедханов (Интернационал) көшесі 29 үйде орналасқан. Музей әкімшілігі ғимаратына ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеу жүргізілгенімен бастапқы тұрпаты көп өзгеріске ұшыраған жоқ. Музей әкімшілігінің ғимараты қос қабатты, кірпіштен салынған. Кеңес дәуірі кезінде бұл үйде «Одақтық баспа» мекемесі орналасқан. Кейіннен 1990 жылы Абай музейінің балансына өткен.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 наурызында бекітілген № 119 бұйрығына сәйкес республикалық маңызы бар ескерткіш статусы берілген.
Семейде 1917-1920 жылдары Ұлт азаттық қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов, Мұхмеджан Тынышпаев және өзге де алаш арыстары елінің егемен ел, іргелі мемлекет болуын аңсады. Сол кезеңнің куәгері – Бөгенбай көшесіндегі (бұрынғы Полицейская (1877), Комиссарская (1918) екі қабатты үй – мемориалдық ғимарат. Бұл үйдің иесі Әнияр Молдабаев (1856-1934) Шыңғыс болысынан, Абайдың шәкірті, замандасы, жерлесі. Сапарғали Әниярұлы Молдабаевтың естелігі бойынша Әнияр 1892 жылы Әндижаннан оқып, туған еліне келеді, Семей қаласындағы Банк мекемесінде аудармашы (тілмаш) болып қызмет істейді. 1893 жылы Абай және оның балалары Мағауия, Кәкітай, Ғабдолланың көмегімен Семейдегі татар слободкасынан көпес Москвиннің үйін сатып алады. Бұл үйде Абайдың арнайы бөлмесі болған. Ұлы ақын және оның балалары, туыстары қырдан қалаға келгенде осы үйге түсіп жүрген.
Бұл үй Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтың Семейде қызмет еткен жылдарына да ерекше қатысы бар мекен-жай. 1997 жылы 23 қыркүйекте Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық- музейінің «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі бөлімі салтанатты түрде ашылды.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 наурызында бекітілген № 119 бұйрығына сәйкес республикалық маңызы бар ескерткіш статусы берілген.
Республикалық маңызы бар мәдениет және тарих ескерткіштерінің бірі – Семейдегі Ахмет Риза медресесі. Абай 1855-1859 жылдар аралығында осы медреседе оқыған. Оны Ахмет Риза деген имам ұйымдастырған. Көнекөз қариялардың айтуынша Ахмет Риза медресесі сол дәуірде басқа діни оқу орындарының ең озығы болған деседі. Ахмет Риза медресесі мен мешіт ағаштан салынған, астында фундаменті бар. Ахмет Риза мешіт-медресесі ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында М.Дулатов көшесі мен Қ.Мұхамедханов көшесінің қиылысына көшіріліп, (1992-1993) қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұнарасы тұрғызылды. 2011-2012 жылдары «Қазқайтажаңғырту» мекемесі Ахмет Риза медресесі мен мешітіне күрделі жөндеу жұмыстарын, 2013 жылы Ахмет Риза мешітіне, 2020 жылы мешіт-медресеге күрделі жөндеу және ғылыми-реставрация жұмыстары жүргізілді.
Жидебай қорығындағы Абайдың музей-үй ғимараты – ХІХ ғасырдың соңында салынған тарих және мәдениет ескерткіші. Құнанбай әулетінің 1840 жылдардан бастап мекендеген қыстауы. Кейіннен қыстауға Абайдың інісі Оспан ие болды. Оспан қайтыс болғаннан кейін қыстауға Абай келіп қоныстанады. Ол ұлы ақын ойшылдың өмірінің соңғы он жылына куә асыл мұра. 1895 жылы ақын өз жоспары бойынша үйді қайтадан салғызады.
1945 жылы Абайдың туғанына 100 толуына орай қыстақ музей-үй болып ұйымдастырылған. Музей 1971 жылы Абайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында күрделі жөндеуден өткізілді. 1976 жылы 30 қарашада Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінің балансына берілді.
Ақынның 175 жылдық мерейтойына орай ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 наурызында бекітілген № 119 бұйрығына сәйкес республикалық маңызы бар ескерткіш статусы берілген.
Абай Құнанбайұлы 1904 жылдың 23 маусымында Шыңғыстағы Балшақпақ жайлауында дүниеден өткен. Ұлы ақын сүйегі осы Жидебайдағы Оспан бейітіндегі зираты қасына жерленді. Зираттар ұлы ақынның 150 жылдық шаралары жоспарына сәйкес мавзолейлік үлгі жобасында жасалып, қазіргі қос мұнаралы «Абай-Шәкәрім» мавзолейлер кешені ғимаратына айналды. Кешенді салуға республикалық байқау жүргізілді. 1991 жылы 19 наурызда республикалық жабық конкурстың комиссиясы өзінің мәжілісінде келіп түскен жобаларды қарап, жеңімпаздарды анықтады. Олар халықаралық конкурстардың лауреаты архитектур Бек Ибраев басшылық ететін авторлық топ болып шықты. Мемориалды кешеннің құрылысы 1993 жылы наурыз айында басталды. Қазақтардың космогониялық дәстүрлі ұстанымдары Мемориал тұжырымдамасының негізі болып қабылданды. Аталған концепция бойынша бұрыштарын көк аспан тіреп тұратын, жердің төрт тұғыры болады, ал көк төбе ортасы аспан мен жерді байланыстырған әлемдік ағаш бәйтерекпен аяқталған. Жер табанынан бес метрлік биіктегі мавзолей алаңының ені 65 м., ұзындығы – 200 м. Қос арыстың қабірлерінің аралығы – 140 м. Қабірлердің үстінен өрілген екі мұнараның іргесі үш белдем түзеген бетон тағаннан басталады. Мұнаралардың биіктігі мен аумағы екі түрлі: Абайға арналған мұнараны тұрқы – 32,5 м. Шеңберінің ені – 12 м. Шәкәрім қажының мұнарасының ұзындығы – 31,5 м., ені – 11 м.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 наурызында бекітілген № 119 бұйрығына сәйкес республикалық маңызы бар ескерткіш статусы берілген.
Бөрілі жер өңірі және елді мекеннің байырғы атаулар аты. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінен бері Абай мен Әуез арасындағы келісім-ұйғарыммен Әуез әулетіне қараған. Абай заманынан бері Әуез әулетінің ата қоныс-қыстауы. Шыңғыстағы Қызылшоқыдан көшіп келіп орналасқан. Бөрілі қаладан 82 шақырымда Семей-Қарауыл тас жолының шығыс жағында төрт шақырым қашықтықта. Жол бұрылысының музей-үйге бағыттамалық белгі-ескерткіштен (ашулы кітап кескін үлгісіндегі) басталады. 1987 жылы қыркүйекте облыстық тарих-өлкетану музейінің бөлімі ретінде ресми түрде музей болып ашылды. 1987 жылы желтоқсан айының 25-де ҚазССР Мәдениет министрлігінің № 411 бұйрығымен Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінің қарамағына берілді. Мұхтар Әуезовтің 80, 90, 100 жыл толған мерей тойлары кездерінде қалпына келтіру, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді ғимараттың бұрынғы нұсқа нобайы толық сақталған. 1997 жылы музей-үйі қайта жабдықталып, ішкі әлемі қайта жаңғыртылды. Жылу жүйесі бөлмесі орнынан Әуез бөлмесі жаңадан жасалды. Мұхтар Әуезовтің музей-үйі 13,2 х 22,3 көлемінде және биіктігі 3,5 метр, бір қабатты кірпіштен салынған. Ғимарат 8 бөлмеден тұрады. Музейдің аумағы 120,0 х 138,0 метр және темір шарбақпен қоршалған, көгалдандырылған.
Музей-үйге 2015 жылы «Қазқайтажаңғырту» РМКҚ тарапынан күрделі жөндеу, 2020 жылы күрделі ғылыми-реставрациялық жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 наурызында бекітілген № 119 бұйрығына сәйкес республикалық маңызы бар ескерткіш статусы берілген.