Құрылым

БӨРІЛІДЕГІ М.ӘУЕЗОВ МУЗЕЙ – ҮЙІ

1987 жылы М.О.Әуезовтің 90 жылдық мерейтойына жазушының ата-анасының қыстауы күрделі жөндеуден өтіп, музей-үй құрылды.

Мекен-жайы: Абай облысы, Абай ауданы, Бөрілі елді мекені.

М.Әуезовтің 90 жылдық мерейтойы қарсаңында қыстау күрделі жөндеуден өтіп, жазушының музейі ретінде құрылып, 1987 жылы қыркүйекте облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі ретінде ресми түрде ашылды. Сол жылы желтоқсан айының 25-де Қазақ ССР Мәдениет министрлігінің №411 бұйрығымен Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінің қарамағына берілді.

Музей экспозициясы М.О.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты көрсетеді.

1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында музей-үйі қайтадан жаңартылып, жаңа экспозициясы ашылды.

Бөрілідегі М.Әуезовтің музей-үйі 2014, 2020 жылы «Қазқайтажаңғырту» РМКҚ тарапынан күрделі жөндеуден өткізілді.

2020 жылы музей-үйдің экспозициясына өзгерістер енгізілді: көрермендерді қабылдау орны жаңартылып, аудиогид қызметі, навигация (бағдар беру) тақталары орнатылды.

Музей меңгерушісі Шағжан Исабаев 87714850109

ҚҰНДЫЗДЫДАҒЫ ШӘКІР ӘБЕНҰЛЫНЫҢ МУЗЕЙ-ҮЙІ

Ш.Әбенұлы музей-үйі Абай ауданы, Құндызды ауылында орналасқан. Музей ақынның өзі тұрған үйінде ұйымдастырылды. 1961 жылы ақын бұл үйді өз қолымен салып, 1962 жылдан өмірінің соңына дейін осы үйде тұрған. 2002 жылы ақын үйі Абайдың қорық-музейі құрамына кіргізіліп, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Музей ақынның өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін 5 бөлімнен және аула, шаруашылық қора бөлмелері көрме көріністерінен тұрады.

Музей-үйдің экспозициясына Ш.Әбенұлы мен оның отбасы мүшелерінің заттары мен қолданған бұйымдары қойылды. Мұндағы әрбір экспонат – шығармашылық процеске қолданылған немесе тұрмыстық бұйымдар. Жиһаз, қолжазбалар, тұрмыстық бұйымдар, Ш.Әбенұлы туралы фотоматериалдар, мұрағат құжаттары қойылған.

Музей меңгерушісі Гүлназ Мырзаханова 87055025298

ЖИДЕБАЙДАҒЫ АБАЙ МУЗЕЙ-ҮЙІ

Жидебай қорығы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында орналасқан. Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне қарайтын Жидебай мекенінде орналасқан Абайдың музей-үйінің маңайындағы тарихи ескерткіштер мен тарихи орындарды қамтыған 6400 га жер Ұлы ақынның 150 жылдығы қарсаңында ҚР Үкіметінің арнайы 05.04.1990 жылғы №141 қаулысымен «Жидебай қорығы» статусымен ұлы ақын музейінің қарамағына берілді.

Экспозиция бес бөлме мен екі дәлізді қамтиды. Кіре беріс дәліз Абай өмір сүрген дәуір, ата-тек, ұрпақтарға арналған шежіре және қыстау, қыстақтың тарихымен таныстырады. 1895 жылы ескі тамның орнынан Абай қала үлгісіндегі осы үйді салдырған. Жергілікті жерден 30 құрылысшыны жалдап бес бөлме, екі дәліз және шошаланың қабырғасын көтертіп, Семей қаласынан арнайы пеш шеберлерін алдыртқан. Голандтық пеш, бу тартпа пеші, контрамарка пештері әр бөлмеде орналасқан.

Қорық жерінің аумағы – 6400 га, (қорғау аймағы — 11,6029 га).
2014 жылы ғимарат төбесіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар, 2015 жылы ғимараттың іші-сыртына ғылыми-реставрациялық жұмыстар, 2020 жылы ғимараттың іші-сыртына ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді.

Музей меңгерушісі Нұржан Байтөс 87018986577

ӘСЕТ НАЙМАНБАЙҰЛЫ МУЗЕЙІ

Әсет Найманбайұлы – Абай Құнанбайұлының ақындық мектебінің дарынды өкілі, ақын, әнші, сазгер. Ақынды мәңгі есте қалдыру мақсатында 1989 жылы желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасында кеңейтілген кеңесте Әсет Найманбайұлының 1992 жылы туғанына 125 жыл толуына арналған мерекені өткізу жөнінде арнаулы комиссия құрылды. 1990 жылы 19 наурызда бекітілген Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің №114 қаулысы негізінде 1990 жылы 19 қыркүйекте Қазақ ССР-і Мәдениет жөніндегі Мемлекеттік Комитетінің № 219 бұйрығымен Семейдегі Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің бөлімі ретінде Әсет Найманбайұлының әдеби музейін ұйымдастыру тапсырылды. 1990 жылы 28 қарашада халық депутаттары Мақаншы аудандық Кеңесі атқару комитетінің №293/17 шешімімен бұрынғы өлкетану музейінің ғимараты ақын отбасына қатысты 62 жәдігермен Әсет Найманбайұлы музейіне берілді. Ғимаратқа 1991 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 1992 жылы 24 сәуірде музей салтанатты түрде ашылды. Жалпы көлемі 162,7 ш.м болатын ғимаратта 1 көрме залы және жұмыс істеуге арналған 1 кеңсе, 1 шаруашылық бөлмесі орналасты.

2003 жылы музей Үржар ауданы әкімінің 1997 жылғы 21 шілдедегі №01-44 өкімі негізінде бұрынғы Әсет мұражайы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің ғимаратына көшірілді. 2007 жылы музей ауласына Әсет Найманбайұлына арналып биіктігі 4 метр мыстан құйылған бюст орнатылды, авторы- Оразанбай Бекбаев.

2017 жылы Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, музей экспозициясы қайта жасақталды. Ғимаратта 60 орындық конференц-зал бар. Ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен қамтыған жаңа экспозиция енді үш залда орналасты. Олар: Әсет Найманбайұлының өмірі, туыстық, өнер айналасы; ақын өмірінің Қытайдағы кезеңі; Әсет Найманбайұлы шығармашылығы және әсеттану.

Музей меңгерушісі Ляззат Әсетова 87017833027

«ШӘКӘРІМНІҢ САЯТ ҚОРАСЫ» ЭКСПОЗИЦИЯСЫ

Саят қора – қазақ халқының ардақты ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының соңғы қонысы. Бұл жер ақынның елден жырақ кетіп, мәңгі өлмес туындыларын, тарихи-философиялық, поэзиялық шығармаларын дүниеге келтіруге арқау болған киелі жер.

Ақынның Саят қорасы Қарауылдан 100-120 шақырым жерде орналасқан. Қораның салынғаннан бері 80 жылдан астам уақыт өтті. Уақыт өте келе үй бұрынғы қалпынан айырылып, бұзыла бастаған. Қазіргі таңда қораның сұлбасы ғана сақталған.

Шошала алыста орналасқандықтан, көрермендерге ақынның соңғы қонысын көрсету, оның өшпес мұрасымен таныстыру мақсатында, Жидебайдағы Абай музей-үйінің қасында 2000 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұйрығымен салынған үйде, 2006 жылы қараша айының 16-да ақынның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясы ашылды.

2018 жыл – ғимаратқа қосымша құрылыс салынды, 2020 жыл – ғимаратқа «Қазқайтажаңғырту» мекемесі ғылыми-реставрациялық және жөндеу жұмыстарын жүргізді.

«АБАЙ-ШӘКӘРІМ» МЕМОРИАЛДЫҚ КЕШЕНІ

1904 жылдың 21 маусымында Шыңғыстағы Балашақпақ жайлауында дүниеден өткен ұлы ақын сүйегі осы Жидебайдағы Оспан бейітіндегі зираты қасына жерленді. Зираттар 150 жылдық мерейтойына арналған шаралар бойынша мавзолейлік үлгі жобасында жасалып, қазіргі қос мұнаралы «Мемориалдық кешенге» айналды. Бас архитектор Бек Ибраев.

Мемориалды кешеннің құрылысы 1993 жылы наурыз айында басталды. Аталған концепцияға бойынша бұрыштарын көк аспан тіреп тұратын, жердің төрт тұғыры болады, ал көк төбе ортасы аспан мен жерді байланыстырған әлемдік ағаш бәйтерекпен аяқталған. Жер табанынан бес метрлік биіктегі мавзолей алаңының ені 65, ұзыны 200 метр шаршыны алып жатыр.

2016-2017 жылдары амфитеатр мен кесене асты бөлмелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2020 жылы кесене және кесене аумағына ғылыми-реставрациялық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Бөлім меңгерушісі Айқын Ақболатов 87714004487

«АЛАШ АРЫСТАРЫ – М.ӘУЕЗОВ» МУЗЕЙІ

Музей Семей қаласының тарихи орталығында орналасқан. Халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің 15.02.1987 жылғы қаулысына сәйкес тарихи ғимарат ретінде 1990 жылы Абайдың мемлекеттік қорық-музейінің қарамағына берілді.
Екі қабатты ғимараттың бірінші қабаты кірпіштен, екінші қабаты ағаштан салынған. Үйдің иесі Әнияр Молдабаев (1856-1934) Шыңғыс болысының азаматы, Абайдың замандасы, шәкірті. «Абай жолы» романындағы Данияр Қондыбаев деген кейіпкердің прототипі. Абайдың қаржылық көмегімен бұл үйді Ә.Молдабаев 1898 жылы көпес Москвиннен сатып алды.

Абай Семейге келген сапарларында осы үйге түсетін болған. 1944-1967 жылдары бұл ғимаратта Абай музейі орналасты. Кейін балалар кітапханасы жұмыс істеді.
Ұлы Абай өміріне тікелей қатысты тарихи орын ретінде 1990 жылы ғимарат ұлы ақын музейінің теңгеріміне беріліп, Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 1992-1995 жылдары аралығында музейдің уақытша экспозициясы қоныс тепті. 1997 жылы бұл ғимаратта тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Алаш тарихына арналған тұңғыш музей «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейі ашылып, халыққа қызмет көрсетіп келеді.

2017 жылы ғимаратқа ағымдағы жөндеу, 2021-2022 жж. «Қазқайтажаңғырту» мекемесі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Жаңа экспозициялық тұжырымдама негізінде 2023 жылы 15 маусымда музейдің жаңа экспозициясы ашылды.

Экспозиция ғимараттың екі қабатына да жасалды. Екінші қабаттағы экспозиция арнайы тапсырыспен жасалған Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Әуезовтің мүсіндерімен толықтырылды. Әйгілі балауыз фигуралар сияқты бұл мүсіндерді жасауда суретшілер заманауи материалдар – керамопласт және шыныталшық қолданды. Бірінші қабатта ХХ ғасырдың басындағы үй интерьерінің көріністері орын алды.

Бөлім меңгерушісі Аяулым Шарифолина 87073838909

КӘМЕН ОРАЗАЛИН МУЗЕЙ-ҮЙІ

2022 жылы Абай ауданы Қарауыл ауылында көрнекті халық жазушысы, ұлағатты ұстаз, абайтану мен мұхтартану саласында қалам тербеген дарынды жазушы, Отанын қорғаған майдангер Кәмен Оразалин музей-үйі ашылды.

Кәмен Оразалин музей-үйі жазушының өмірі мен шығармашылығы хақында сыр шертіп, өскен ортасы мен балалық шағы, жастық күндері мен Семейде білім алған сәттеріне дейінгі тарихи материалдарды қамтиды.

Жазушы бұл үйді өзі 1950 жылы салып, 2008 жылға дейін тұрған.

Музей меңгерушісі Елдар Оразалин 87052632658