Жергілікті ескерткіштер

Абайдың әйелі Еркежан сағанасы

Еркежан зираты Абай кесенесінен алыс емес, Жидебай қорығында орналасқан. Қарауыл ауылының оңтүстігінде 23 шақырым қашықтықта. Еркежан Есболат тұқымынан шыққан Шәкінің қызы. Еркежан жас кезінде-ақ Құнанбайдың кіші ұлы Оспанға атастырылып қойған. Оспан екеуінің өз балалары болмаған, сондықтан Ақылбайдың үлкен ұлы Әубәкір мен Пәкизатты бауырларына басып тәрбиелеп алған. Оспан өлгеннен кейін Абай Еркежанды әмеңгерлік салты бойынша әйел етіп алады. Туыстары Еркежанды батылдылығы, ұстамдылығы үшін сыйлаған. Еркежан образы М.Әуезовтің «Абай жолы» романында суреттелген. ХХ ғасырдың басындағы ескерткіш ретінде Еркежан зираты Шығыс Қазақстан облысы әкімідігінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі №560 қаулысымен жергілікті маңызы бар мәдениет және тарих ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Әсет Найманбайұлы музейі ақынның туғанына 125 жыл толу мерекесі қарсаңында Қазақ ССР министрлер кеңесінің 1990 жылғы 19 наурызындағы № 114 қаулысына сәйкес 1992 жылы 26 сәуірде Үржар ауданының Мақаншы ауылында ашылды. Ғимарат бір қабатты кірпіштен салынған. Салынған уақыты шамамен 1950 жылдар. Бастапқыда бұл үйде балалар бақшасы, кейіннен Мақаншы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі орналасқан. 1998-2004 жылдар аралығында аудан әкімшілігінің қолдауымен осы ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, 2004 жылы Әсет музейі толығымен осы ғимаратқа көшірілді. Музей іші көлеміне қарай 14 бөлмеге бөлінген. Мұнда көрме залы, акт залы, 2 экспозициялық зал, кітапхана, мұрағат, қор бөлмесі, қызметкерлер бөлмесі, шеберхана бар. Бұрынғы ескі музей үйі бұзылып оның ауласы қазіргі ғимараттың ауласына қосылды.

Кеңгірбай би (Би-ата) мазары

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі № 560 қаулысы бойынша Кеңгірбай би мазары жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Кеңгірбай Жандосұлы (1735-1825) Тобықты ішіндегі Жігітек руынан тарайды. Атақты би, ру басы. Ол оңтүстік Қазақстандағы Кеңгір өзенінің бойында дүниеге келген. Кеңгірбай 1825 жылы қайтыс болған. Бейітін Құнанбай Өскенбайұлы тұрғызған. Ескерткіш ХІХ ғасырдың бірінші жартысының ортасында салынған. Кеңгірбай бидің мазары Жидебай қорығындағы, шидің бойында биік төбе басында шошақ етіліп, өңделмеген кірпіштен қаланған. Сыртқы жағы 1993 жылы Маңғыстаудың ақтасынан жасалынып, өңделген. Батыс Қазақстанның архитектура үлгісімен жасалынған. Ескерткіштің жалпы биіктігі 9,5 метр.

Көкбай Жанатайұлының мазары – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы Көкбай ауылдық округінің Тақыр елді мекенінде кезінде Көкбай бала оқытқан медресе жанында орналасқан. Көкбайдың бейіті 1926 жылы қаланған. 1994 жылы ақын зиратының басына Абай ауданы Көкбай ауылы жұртшылығының қолдауымен кесене тұрғызылды. Мазарға Маңғыстаудың ақтасы қойылып, қазіргі сәулет өнерінің үлгісімен әшекейленіп жасалынды. Авторы Сайын Назарбеков.

Көкбай Жанатайұлы (1861-1925) Абайдың ең талантты шәкірті, адал досы, 25 жыл өмірін бірге өткізген. Абай 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде (№17) «Жаз» өлеңін Көкбай атынан жариялаған. Көкбай Абайдың өмірбаянын жазушыларға барлық толық жинағын құрастыруға көмек көрсеткен. 1924 жылы Абайдың өмірден өткеніне 20 жыл толуына байланысты Семейде өткізілген еске алу кешіне қатысып, Абай туралы естелік айтқан. Көкбай Шыңғыстаудың етегіндегі Тақыр деген жерде дүниеге келген. Алғаш сауатын әкесінен ашып, кейіннен бірнеше жыл Төлеутай молладан дәріс алған. 17 жасында Семей қаласына келіп үш кластық орысша училищеде оқыған. Көкбайды 1901жылы 10 кыркүйекте Әскери Губернатор өзінің № 8 бұйрығымен Мұқыр еліне молдалыққа тағайындайды. Көкбай Тақырда мешіт-медресе ашып, бала оқытқан, медреседе 200-300 бала оқыған. Медреседе Найман, Тобықты, Керей, Уақ-төрт ру елден жиналған шәкірттер азық-түлігімен келіп, жатып оқыған. Оқу мұсылманша, орысша екі тілде жүргізілген. Көкбай ақын мешіт-медресені 1903-1904 жылдары салғызған. 1910 жылы Уфа қаласына барып ресми молла дәрежесін алған. 1913 жылы Меккеге барып қажы болып қайтқан.

Көкбай Жанатайұлының музейі ШҚО әкімінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі № 560 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Құдайберді зираты Жидебай қорығында Зере мен Ұлжанның зираттарының жанында орналасқан. Құдайберді Құнанбайдың Күңкеден туған ұлы. Замандастарының айтуы бойынша Құдайберді ел ішінде өзінің адамгершілік жақсы қасиеттерінің жоғары болуына байланысты ерекше сыйлы адам болған. Ол ерте отбасын құрған, үлкен шарушылығы болған. Әрқашанда шаруашылық және отбасы жұмыстарымен айналысқан. Сондықтан да болар Құнанбай оны ел билеу ісіне көп араластырмаған. Құдайбердінің бірінші әйелі Дәметкеннен Мұртаза, Шахметден, Шәкәрім туған. Ал екінші әйелі Бөбетайдан Айнұр, Жылқыайдар және Ырыздықбай туған. Құдайберді 1886 жылы дүниеден өткен. Жидебайда жерленген. Құдайбердіге арнап Абай жоқтау айтқан. 2006 жылы Құдайберді зиратына мрамордан құлпытас орнатылған.

Құнанбай құдығы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі №560 қаулысымен жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген. Жидебай қорығындағы Абайдың музей үйінен 120 метр аралықта орналасқан. Құнанбай Өскенбайұлы Абайдың туған әкесі, аға сұлтан, болыс болып, ел билеген адам. Жидебай мекенінде құдықты қыстақты салар кезінде қаздырған. Жидебай мекені Оспан үйленгеннен кейін оның иелігіне көшеді. 2017 жылы «Құнанбай құдығы» ескерткіш аумағы қоршалып, құдыққа баратын жол қалпына келтірілді.

Ресейдегі крепостнойлық құқық жойылғаннан кейін Ресей билігінің ұйымдастыруымен және стихиялы түрде жерсіз шаруалар Қазақстан территориясына көптеп ағыла бастады. Қазақстанның көптеген аумақтарында қоныс аударушылардың мәселесін шешумен айналысатын Қоныс басқармалары жұмыс істей бастады. Орыс қорасы бұл қоныстандыру кезеңдердегі қазақ даласына қоныс аударған шарулардың жатақтары орналасқан жері. Қазіргі уақытта ол жерде тек үйінділер, тұрғын жайлардың орындары ғана сақталған. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясында сол қоныс аударып келген орыс шаруаларының қазақ жеріне көшіп келуі және олардың қазақ кедейлеріне көмегі аса тартымды суреттелген. Орыс қорасы – 2008 жылғы 25 сәуірдегі № 560 қаулысы бойынша жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш. Қоныс аударушылар қоныстанған жер аумағы жеміс-жидек өсіруге аса қолайлы, көк майсалы жер болған.

1885 жылы Жидебай қонысы Оспанның еншісіне тиген. Көл Оспанның иелігінде болғандықтан соның атымен аталып кеткен. Көл Жидебай қорығының оңтүстік батыс аумағында орналасқан. Көлдің шығыс жағынан бару мүмкін емес, өйткені ол аумағы батпақты, сазды болып келген. Көлдің суы ащы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында да Оспан көлі айтылған. Онда көл «Боқтыкөл» деп аталады. Оспан Құнанбайдың кіші ұлы, Абайдың інісі. Құнанбай өз ұлдарына енші ретінде жер бөлу кезінде Жидебай қорығы аумағын Оспанға берген. Оспан ерте қайтыс болған. Жесір қалған жұбайы Еркежан Әубәкір мен Пәкизатты тәрбиелеп өсірді. Қуғын-сүргін уақытында Абайдың ұрпақтары туған жерінен ығыстырылған, оның ішінде Әубәкір де бар. Әубәкір туған жерінен кетер кезінде туған жеріне қатысты өлең шығарған, ол өлеңінде туған жеріндегі көл жөнінде де айтылған.

Ұлжан-Зере зираты – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші. Зере Өскенбай бидің бәйбішесі, Құнанбай қажының анасы, Абайдың ұлы шешесі. Зерені Ырғызбай тұқымдары, барша ауыл адамдары «Кәрі әже» деп атапты. Зередей енесімен қатар жерленген көп жылдар бойы сыйласып ғұмыр кешкен келіні, Құнанбайдың екінші әйелі, Абайдың анасы – Ұлжан (1810-1887). Ізгі жүректі үлкенге қамқор, кішіге пана бола білген Зере мен Ұлжан ананың Абай өміріне, ақындығына игі әсерін тигізді. 1873 жылы Құдайберді де, Абайдың әжесі Зере (1785-1873) Жидебайдағы зиратқа жерленді. 1887 жылы Абайдың анасы Ұлжан да осы зиратқа қойылған. Шикі кірпіштен тұрғызылған бейіт қорғаны тозығы жетіп құлап қалады. 1986 жылы Зере мен Ұлжанға лайықтап тас бейіт ескерткіш тұрғызып, аналар бейітінің басына Шығыс үлгісімен алты қырлы мавзолей пайда болған еді. 2006 жылы аталмыш мавзолей қоршалды. 2020 жылы қорымға баратын жол, қоршауы қалпына келтірілді.

Шәкір Әбенұлының табиғи тума дарынын фольклор дәстүрі, жазба әдебиеттің үлгісі, классикалық мұралардың тәлімі және Абайдың өлең мәдениеті ұштап өсірді. Шәкір Әбенұлы киелі Шыңғыстау өңірінде ғасырға жуық ғұмыр кешкен халық әдебиетінің білгірі, ескі шежіре, халық ақыны, сазгер, музыкант. Шәкір Әбенұлы 1991жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты өлеңмен құттықтап, бата берген абыз ақын. 2002 жылы Абай ауданы Құндызды ауылындағы ақын үйі Абай музейінің құрамына кіргізіліп, қайта жөндеу және экспозициялық жұмыстары жүргізілді. 2003 жылы 24 қазанда Шәкір Әбенұлы музейі ашылды. Музей ақынның өмірі мен, шығармашылығын бейнелейтін 5 экспозициялық залдан тұрады. Шығыс Қазақстан облысы әкімідігінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі №560 қаулысымен жергілікті маңызы бар мәдениет және тарих ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Жидебай қорығы Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне қарайтын Жидебай мекенінде Семей қаласынан – 180 км қашықтықта орналасқан. Семей-Қарауыл тас жолының бойында Жидебайға бұрылатын жерде арнайы белгі қойылған. «Шәкәрімнің Саят қорасы» музейі Жидебай қорығында Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 2006 жылы 16 қарашада ашылды. Музей ғимараты 2000 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұйрығымен салынған.

Саят қора – қазақ халқының ардақты ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлының соңғы қонысы. Бұл жер ақынның елден жырақ кетіп, мәңгі өлмес туындыларын, тарихи-философиялық, поэзиялық шығармаларын дүниеге келтіруге арқау болған киелі жер.

Музей экспозициясы Қарабұлақ дөңі басындағы Шәкәрімнің Саят қорасының қазіргі қалдық қалпы. Қабырғалардың әрбір кірпіш үлгі сызбасы да негізге алынды. 2020 жылы музей ғимараты оның тарихи нұсқасы бойынша ғылыми-реставрациялық, реэкспозиция жүргізіліп, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында жаңа тың деректермен, жәдігерлермен толықтырылды.