Әсет Найманбайұлы музейі бөлімі

 Дерек және дәйек

 Сурет сыры

          Әсет ақынның бірден бір асыл бейнесін жеткізуші тарихи суретті фотограф Мұхамеджан Әбдулкәрімұлы Юсупов 1918 жылы түсірген. Осы жылы түсірілген сурет арқылы Әсет ақынның бейнесі тұңғыш рет академик А. Жұбановтың «Замана бұлбұлдары» атты  кітабында жарияланған болатын. Суретті 1956 жылы фотограф М. Юсупов досы Балқаш Бафинге Алматыға келген кезінде табыстап, А.Жұбановпен ақынның суреті туралы сыр шерткен. Кейіннен бұл тарихи суретті аға-інідей сыйласқан, қазақ батыры Бауыржан Момышұлына сыйға берген.

Суретте ақын Әсеттің басқа, Алаш қайраткерлері А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Р. Мәрсекұлы және Қабанбай батырдың ұрпағы Қанағат болыс та бар. Қазақ зиялылары Шәуешекте өткізілетін арнайы мәжіліске қонақ ретінде келген. Әсет ақын да осы жиынға Қанағат болыстың шақыртуымен қатысып, жиында ән шырқаған деседі. Бұл тарихи рәсім үш арыстың құрметіне ұйымдастырылған жиын соңында түсірілген. Бұл суретті жаппай қудалау науқаны кезінде пештің көмейі, құранның қобдишасы мен етіктің қонышына тығып, сақтаған әуесқой фотограф М. Ә. Юсуповтың ел арыстарына деген құрметі, олардың азаматтығына табынып, күндердің күнінде ақталатынына сенген сенімі — бүгінде өз дәлелін көрсетуде.

1918 жыл, сәуір айы. Шәуешек.

Бұл жазба М.Ә.Юсуповтың күнделігінен алынып, қызы Н.Бафинаның «Қазақ әдебиеті» газет бетіне шыққан «Асыл ағаларды суретке кім түсірді?»  мақаласында жарияланған.

 

Әсет Найманбайұлы музейі ақынның туғанына 125 жыл толу мерекесі қарсаңында Қазақ ССР министрлер кеңесінің 1990 жылғы 19 наурызындағы № 114 қаулысына сәйкес 1992 жылы 26 сәуірде Мақаншы ауданының Мақаншы ауылында ашылды.

Әсет Найманбайұлы Абай Құнанбайұлының ақын шәкірттерінің бірі болғандықтан, бүгінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының бөлімі ретінде Әсеттің өмір жолы мен шығармашылығын насихаттап отыр.

Жалпы музей 3 залдан, 5 бөлімнен тұрады. Бөлім экспозициялары Әсет Найманбайұлының бойына дарыған әншілік, ақындық, сазгерлік, аудармашылық сынды қасиеттері мен ақынның ата тегі, ұрпақтары, өмір сүрген ортасы, еңбектері жайлы сырға толы мәліметтермен таныстырады.

Музей жәдігерлерінің қатарында ақынның халық арасына таралып жинақталған қисса-дастандары, өлең-жырлары, толғаулары, әндері енгізілген. Сонымен қатар өзінің қолының табы қалған шақша ыдысы мен дұғалығы және ұрпақтарының тұтынған дүние-мүліктері де музей қорында сақталған.