****************************************************************************************************************************************
«БІЗГЕ КЕРЕК АБАЙ-ӨЛЕҢ, АБАЙ-ЖЫР…»
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында ақын, жазушы, драматург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Айбек Сапышевтың 70 жылдығына арналған «Бізге керек Абай-өлең, Абай-жыр…» атты еске алу әдеби-сазды кеш өтті.
Айбек Сапышевтың өмір жолы Абай музейімен тығыз байланысты. Дарынды ақын 1984-1987 жылдары аралығында Абай шаңырағында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер лауазымдарын атқарған.
Әдеби-сазды кеш Абай музей-қорығының директоры Ұ.Сағадиев алғы сөзімен ашылып, «Алаш арыстары-М.Әуезов» музейінің бөлім меңгерушісі Қ. Қазезұлы «Қазақ поэзиясындағы Айбек Сапышев мұрасы» тақырыбында баяндама жасады. Ақынның өнердегі достары А. Азаматов, ақын Д.Омарбаева, Қ.Малғаждаров Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қ.Зекенов естеліктерімен бөлісті.
Кеш барысында ақынның көп томдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Айбек Сапышевтың қаламынан туған туындылар төрт томға жинақталып Семей қаласындағы «Жәрдем» баспа компаниясынан жарыққа шықты. Оның бірінші, екінші томы былтыр Көкпекті аудандық әкімдігі мен кіндік қаны тамған Тассай ауылы азаматтарының қолдауымен басылды. Ал, биыл 70 жылдығы қарсаңында үшінші томы техника ғылымдарының кандидаты, қол күресінен Азияның бес дүркін чемпионы, республикаға белгілі меценат Ағзамов Мұхамедолла Сағидоллаұлының және төртінші томы осы өңірге белгілі кәсіпкер-меценат Тәңірберген Тоқтаровтың демеушілігімен кітап болып баспадан шықты.
Әдеби-сазды кешке қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен өнерпаздар, студенттер қатысып, ақынның сөзіне жазылған «Қызыма», «Немереме», «Қабанбай», «Ару арман» әндері орындалды. Бұған қоса кеш қонақтары А.Сапышевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Өлең деген жүректің жан дауысы» тақырыбындағы көрмені тамашалады.