АБАЙ ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНЕ ТАПСЫРҒАН ЗАТТАР
1885 жылы Абайдың Семейдегі орыс достарының бірі Нифонт Иванович Долгополов жаз айларында Абай ауылына барып, сонда екі айдай болып қайтады. Қайтып келгенінде ол Семейдегі өлкетану музейіне қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты елуден астам нәрсе тапсырыпты. Бұл заттардың барлығы Абай ауылынан әкелінген заттар еді.
Олар көшпелі ауылдың тұрмыс-тіршілік заттары, қолөнер бұйымдары, үй-ішінің жабдықтары: асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піспек, табақ, шыныаяққап, әшекейлі құтылар, бесік, ұршық, тоғызқұмалақ; қару-жарақтар: айбалта, найза, шоқпар. Ұста саймандары: көрік, төс, қысқаш. Музыка аспаптары: қобыз, сыбызғы, асатаяқ, домбыра.
1940 жылы Семей қаласында Абай музейін ашу туралы арнайы қаулы шыққаннан бастап музей қорына ұлы ақынға қатысы бар экспонаттар жинау жұмысы басталды. Абай туыстарының, ұрпақтарының қолындағы заттар музей қорына келіп түсе бастады.
1963 жылы «Ертіс» газетінің 8 қыркүйектегі санында Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласы жарық көреді. Бұл мақалада ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған еді. Ғалым арнайы Абай мен Долгополов тапсырған заттарды өлкетану музейінің экспозициясынан, қоймасынан музей қызметкерлерінің көмегімен іздеп, анықтау жұмыстарын жүргізген еді. Қ.Мұхамедханов Абай тапсырған заттардың 23-ін ғана тапқан екен, олардың «…кейбіреуі жақсы сақталған, кейбіреуі күтімсіздіктен тозған». Осы ізденістің нәтижесінде келесі, 1964 жылы қыркүйек айында Мәдениет министрлігінің арнайы бұйрығымен Абай тапсырған заттардың 17-і ақынның өз музейіне берілді.
КЕБЕЖЕ
Абай үйінің жиһазы. Кебеже – тамақ сақтауға арналған сандық сияқты ағаш бұйым. Кебеженің түбі қалың тақтайдан жасалады.
1883 жылы Семей қаласында ашылған өлкетану музейіне Абай тапсырған заттардың бірі.
Оның қақпағы кәдімгі сандықтың қақпағы сияқты, кейде жармалы да болып келеді. Жармалар не көлденең кергіш ағашпен, не таспамен жалғастырылады.
Ежелгі халықтардың қай-қайсысы болса да негізгі күн көріс кәсібін аңшылық пен мал өсіруден бастаған. Сондықтан малдың терісін, жүнін пайдаға асырып, олардың сүйегінен, мүйізінен көптеген мүліктер мен қару-жарақтар жасаған. Көшпелі қазақ ауылының шеберлері ағаштан көшіп-қонуға ыңғайлы кебеже, жүк аяқ, кереует, асадал, адалбақан, аяқ-табақ, шөміш, шомбал сияқты заттар жасаумен қатар малдың сүйегін де қажетке жарата білген.
Кебеже беттеріндегі сүйек өрнектері қара сырлы бояумен боялған, қалың тақтайдың бетіне ырып отырып орнатылып, нәзік мықтармен шегелеу арқылы құрастырылған. Әр жерінен беріктік үшін қағылған мық шегелер сүйек бетіндегі өрнектермен үйлесіп жалпы өрнектердің бір элементі сияқтанып тұр. Кебеженің беті сүйекпен оюлай өрнектеліп, зергерлікпен қиюластырылған. Ою мотиві зооморфтық, яғни қошқармүйіз кебеже бетіндегі ою-өрнектің композициялық тұтастығына ерекше сәнділік береді. Кебежені көркемдеуде, ою-өрнектерді орналастыруда симметриялық заңдылықтарды қатаң сақтағаны, адам көңілін өзіне тәнті етеді.
Кебеже – сүр ет, құрт, шай салып сақтау үшін ағаштан жасап, өрнектеген үй жиһазы.
Түсім кітабындағы тіркелу нөмірі: КП — 1378
Өлшемі: биіктігі – 79 см, ұзындығы – 61 см, ені – 52 см
АҒАШ ҚҰТЫ
Абай тапсырған заттардың тағы біреуі – ағаш құты. Аса шеберлікпен жасалған сусын құюға арналған ағаш құты қайың ағашынан тұтас ойылып, екі бөлік жеке дайындалып, өңделгеннен кейін желіммен біріктірілген. Сырлы бояумен боялған.
Қақпағы жұқа қаңылтырмен қапталған. Белдікке және аттың қанжығасына байлауға қолайлы болу үшін қайыс ілгек жасалыныпты.
Абай тапсырған заттардың бірі болғандықтан, 1964 ж. қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің қаулысы бойынша өлкетану музейінен Абай музейінің қорына өткізілді.
Түсім кітабындағы тіркелу нөмірі: КП — 1372
Өлшемі: биіктігі – 32 см, диаметрі – 18 см.
ТОРСЫҚ
Абайдың отбасы пайдаланған тұрмыстық заттардың бірі – тері торсық. Теріден жасалған, су, сусын құятын шағын ыдыс. 1883 жылы Семей қаласында ашылған өлкетану музейіне Абай тапсырған заттардың бірі.
Қақпағы жұқа жезбен қапталып, ұстауға немесе ілуге ыңғайлы болу үшін, қайыс ілгек жасалынған. Торсық түйенің, бұғының, өгіздің мойын терісінен жасалады. Торсықты жасауда малдың терісін сыпырып, жидітеді екен де, ұзақ уақыт ұстайды. Сонан соң оны қалыпқа салып жуады да, көл табанындағы топырақпен толтырады. Содан кейін кептіреді, ыстайды. Сонда бір торсықты жасауға он сегіз күн кетеді.
Жүні жидітілген теріні қалыпқа салып пішеді де таспамен тігеді. Торсықты саба сияқты қарағайдың бүрімен немесе арша, тобылғымен ыстайды. Торсықтың түрлері: шимайторсық, өркешторсық, жанторсық, мүйізторсық, т.б. Торсықтың бүйірі дөңгелек, мойны жіңішке әрі ұзын болып келеді. Аузына ағаштан тығын тығылады. Ол жоғалып қалмау үшін қайыстан бау өткізіп, бір ұшын торсықтың мойнына бекітіп қояды. Кейбір торсықтарға арнаулы мүйізшапқымен (ысқышпен) әр түрлі өрнек салынады.
Түсім кітабындағы тіркелу нөмірі: КП – 1366.
Өлшемі: биіктігі-50см, ені-40 см, салмағы-0,8 кг.
ЕТ ТАБАҚ
Ұлы ақын 1883 жылы Семей қаласында ашылған өлкетану музейіне қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін көрсететін көптеген заттарды (жәдігерлерді) 1885 жылы ауылына қонаққа келген досы Н.И.Долгополов арқылы беріп жібереді.
Қолымыздағы дерек бойынша ақынның өзі де 1893 жылы музейдің этнографиялық бөліміне бірталай дүниелер тапсырған екен. Олар – қару-жарақтар, үй-ішілік заттар, ыдыстар және тағы басқалар.
Солардың бірі тұтас ағаштан ойылып жасалынған ет табақ. Абай үйінің мүлкі. Мұндай үлкен табақтар көбінесе ауылға қадірлі қонақтар келгенде пайдаланылған. Табақ сарғыш түсті лакпен боялған. Жақсы сақталған.
Түсім кітабындағы тіркелу нөмірі: КП-1365.
Өлшемі: d – 68 см, тереңдігі — 2,2 см, биіктігі — 5 см.
Мысырлықтар қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абайдың мұрасын насихаттады
2024 жылы 12 тамызда Каир қаласында Мысыр Премьер-министрінің қолдауымен XI Каир халықаралық дәстүрлі өнер және поэзия фестивалі өтті. Осы шара аясында Мысыр Мәдениет министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссияның шешімімен Абай Құнанбайұлының мұрасы «Адамзатөркениетіне қосқан үлесі» үшін арнайы марапатына ие болды.
Арнайы ескерткіш сыйлық пен оның куәлігін Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігіне салтанатты түрде табыс етілді.
Фестивальге Жапония, Колумбия, Қытай, Үндістан, Палестина, Оңтүстік Судан, Мавритания өкілдері және Мысырдың әртүрлі аймақтарынан келген 30-дан астам шығармашылық топтар қатысты.
1998 жылы Каир қаласының Маади ауданындағы көшеге Абай есімі берілген. Ал 2016 жылы қазан айында Ніл өзені жағалауында орналасқан әлемге танымал тұлғаларға арналған халықаралық саябақта А.Құнанбайұлының ескерткіш бюсті орнатылған.
Қазақстанның Мысырдағы Елшілігі XI Каир халықаралық дәстүрлі өнер және поэзия фестиваліне қатысқан ақын-жазушыларға Абай шығармаларының араб тіліндегі аударма жинағын сыйға берді.
Елшілік Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын дәріптейтін арнайы ескерткіш сыйлық және куәлікті Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына табыстады.