«Қазақтың Қанышына — 125 жыл»
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында қазақ тарихында елеулі із қалдырған көрнекті тарихи тұлға, геолог, ғұлама ғалым, қоғам қайраткері, академик, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына орай «Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің» ұйымдастыруымен «Қазақтың Қанышына — 125 жыл» атты көрмесі ашылды.
«Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейі» ел тәуелсіздігімен үндесіп, құнды жәдігерлермен танылған руханият ордасы. Мұнда Қаныш Имантайұлының ғұмырнамасы мен ғылыми еңбектерінен сыр шертіп, ғылыми – зерттеу жұмыстармен айналысып келеді. Бүгінгі күні музей қорында 5142 жәдігер сақталған.
Ұйымдастырылып отырған көрменің негізгі мақсаты тарихи тұлғаның өмір жолы мен қазақ ғылымына сіңірген еңбегін таныту. Бұған қоса музей қорындағы Қаныш Имантайұлына қатысты жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды. Ашылу салтанатына Семей қаласындағы оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
Бұған қоса қаламыздағы Айдан Бауыржанұлы, Досхан Тұрсынғазы сынды өнерпаздар өз өнерлерімен жиналған көпшілікті тәнті етті.