Жаңалықтар

“Заманның заңғар жазушысы”

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде 28 қыркүйек күні жазушы, ғұлама ғалым, драматург М.Әуезовтің туған күніне орай «Заманның заңғар жазушысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Жазушы Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы жазу арқылы қазақ халқының өмірлік энциклопедиясын әлем әдебиетіне танымал етті.

Қазіргі қазақ прозасы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясымен дүниежүзі әдеби классикасының шырқау шыңына шықты.

Музей кітапханасында жазушының әр жылдары баспадан жарық көрген «Абай жолы» роман-эпопеясы және осы шығарманың шет тілдердегі аудармалары , көп томдық зерттеулері, «Абай музейінің кітапханасы» сериясымен жарыққа шыққан еңбектері бар.

Көрмеге М.Әуезовтің шығармалары мен зерттеулерімен қатар мұхтартану бойынша З.Қабдолов, З.Ахметов, А.Нұрқатов және т.б. зерттеу еңбектері қойылды. Сонымен қатар кітап көрмесінен «Абай музейінің кітапханасы» сериясымен жарыққа шыққан «Алаш арыстары-Мұхтар Әуезов музейі», «Мұхтар Әуезовтің музей-үйі», «Көксерек», Ғ.Зұлхаровтың «Әуезов және Аягөз», А.Әуезов «Жас Мұхтар» еңбектерімен және жазушының өмірі мен қоғамдық қызметі жайында ақпарат беретін құнды фотосуреттермен танысуға болады.

Жаңалықпен бөлісіңіз