Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген біртуар қаламгер
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы, көрнекті жазушы, драматург, ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің туған күніне орай «Заманның заңғар жазушысы» атты тақырыпта кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген біртуар қаламгер. Оның шығармалары ұлттық тарихты, халықтың салт-дәстүрін, рухани болмысын терең суреттейді. Жазушының шығармашылық мұрасында «Абай жолы» роман-эпопеясының орны ерекше. Төрт томдық бұл шығарма қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, мәдениеті мен рухани әлемін кеңінен танытады.
Кітап көрмесіне жазушының көркем шығармалары, зерттеу еңбектері, өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-зерттеу кітаптары топтастырылды.
Көрменің мақсаты – оқырмандарға Мұхтар Әуезовтің мол әдеби мұрасын таныстыру, жас ұрпақты ұлы жазушының шығармаларын оқуға насихаттау және қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын арттыру.




