Жаңалықтар

«Әбілхан Қастеевтің Абай әлемі» көрмесі

2024 жылы 17 қаңтарда Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Ә. Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай «Әбілхан Қастеевтің Абай әлемі» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрмеге суретшінің Абай музейі қорында жинақталған туындылары ұсынылды.

Көрермендер «Әбілхан Қастеевтің Абай әлемі» көрмесінен суретшінің портрет, пейзаж жанрында орындаған туындыларын тамашалады. Сонымен қатар көрмеге 1947 жылы Шыңғыстау жеріне Ә.Жиреншиннің басшылығымен ұйымдастырылған этнографиялық экспедиция фотосуреттері қойылды. Бұл тарихи фотосуреттерден экспедицияға қатысқан Ә.Жиреншин, Ә.Қастеев, Е.Тынышбаев және экспедицияға Шыңғыстаудың тарихи жерлерін таныстырған Ә.Кәкітайұлын көре аламыз.

Көрменің ашылу салтанатына Семей қаласының суретшілер одағының мүшелері, қаламыздың музей, кітапхана қызметкерлері және Семей қаласы «Қайнар» Жоғары колледжі студенттері қатысты.

«Әбілхан Қастеевтің Абай әлемі» көрмесін қала жұртшылығы мен қала қонақтары екі ай көлемінде тамашалай алады.

 

 

 

Жаңалықпен бөлісіңіз