Жаңалықтар

Абай музейінің достары


ТЫНЫШТЫҚБЕК ӘБДІКӘКІМҰЛЫ. Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 1990-1993 жылдары аралығындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері. Мемлекеттік Абай қорық-музейінің «Абай» медалімен марапатталған.

Қазақ поэзиясына алғашқы тұсаукесер топтамасымен-ақ өлең сүйер қауымды елең еткізе келген Абай елінің тумасы. Ел ертеңі, жер тағдыры тақырыбын жаңаша жырлаумен ерекшеленеді. Ақындық көру аясы кең, дүние-құбылысты қабылдауында да ешкімге ұқсамайтын даралық бар.

«Ақшам хаттары», «Ырауан», «Алқоңыр дүние», «Бесінші маусым жұпары» жыр жинақтарының авторы. Қаламгердің әлем халықтарына ортақ ежелгі ғарышнамалық қағидалар мен қасиетті ұғымдарды қазақтың ұлттық дүниетанымы арқылы өзінше саралап, сараптауға тырысқан «Қас Сақ аңқымасы» еңбегі жарық көрген. Бүгінгі таңда аталған еңбектің жалғасын жазуда. 2007 жылғы республикалық «Абай әлемі» байқауының «Поэзия номинациясы» бойынша лауреаты, Ұлы Абайдың 160 жылдық мерейтойына арналған республикалық жыр мүшайрасының Гран При иегері.Өлеңдері испан, қытай, қырғыз тілдеріне аударылған.

Қазақ әдебиетінің Ә.Кекілбайұлы, Т.Әбдік, Ф.Оңғарсынова, Т.Медетбек, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов секілді көрнекті тұлғалары тарапынан Т.Әбдікәкімұлы «Қазақ әдебиетіне өзгеше мәнермен ерекше сипат ала келген тағдырлы құбылыс» ретінде бағаланған.

Жаңалықпен бөлісіңіз