Жаңалықтар

Абай музейінің ардақтысы

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында абайтанушы, әдебиет сыншысы, музей саласының ардагері, «ҚР еңбек сіңірген қызметкері», «Құрмет» орденінің иегері Төкен Ибрагимовтың 85 жылдығына орай еске алуға арналған «Абай деп соққан жүрегі» тақырыбындағы шара өткізілді.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған Абай музейі директорының міндетін атқарушы Ұлан Сағадиев белгілі жазушы, әдебиет пен өнер зерттеушісі Төкен Смайылұлының қазақ әдебиетінің өрістеуіне қосқан үлесі мен 1976-2010 жылдары музей ісінің дамуына еңбек сіңірген тұлға туралы толғамын білдірді.

Төкен Ибрагимов Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің Абай және Мақаншы аудандарындағы бөлімдері ашылып, Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейі болып қайта құрылуына атсалысып, 1997 жылы Семейде «Алаш арыстары-М.Әуезов», Абай ауданында Көкбай Жанатайұлының, Шәкір Әбенұлының музейлері, «Шәкәрімнің саят қорасы» экспозициясының жасалуына мұрындық болған қайраткерлердің бірі.

Ол оқырман қауым жылы қабылдаған «Өлең өрісі», «Толқын толғау», «Оймен оңаша» кітаптары мен 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. Бұған қоса Т.Ибрагимовтың қолдауымен талай талант өнер өлкесіне қанат қағып, ұлағатты тұлға болып қалыптасты.

Шара аясында Шәкәрім университетінің студенттері Т.Ибрагимов қаламынан туған шығармалардан үзінді оқып, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әншілері Қ.Қамидолдин, Ж.Тәжиев, А.Бауыржанұлының әннен шашу шашып шараға жиналған меймандарды тәнті етті.

Шара барысында Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, Төкен Смайылұлының көз көрген замандастары, туыстары мен ұрпақтары, шәкірттері естеліктер айтып, музей ұжымына алғыстарын білдірді.

Бұған қоса музей қонақтары, қаламыздағы мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, ғалымның көзін көрген замандастары мен шәкірттері абайтанушы, өнертанушы, әдебиет зерттеушісі, сыншы, музей саласының ардагері, Төкен Ибрагимовтың 85 жылдығына арналған «Абай деп соққан жүрегі» тақырыбындағы Т.Ибрагимовтың өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат беретін көрмені тамашалады.

Көрме бір ай бойына Семей қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін қызмет көрсететін болады.

Жаңалықпен бөлісіңіз