Жаңалықтар

«ҰЛЫЛАРДЫҢ ҰРПАҒЫ, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ»

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында 8 мамыр күні Құнанбай қажының ұрпағы, Абай мұрасын насихаттаушы, ұстаз Мінәш Әрхамқызының 100 жылдығына арналған «Ұлылардың ұрпағы, ұлағатты ұстаз» атты әдеби кеш және кітаптың тұсаукесері өтті.
Әдеби кешті Абай музейінің директоры Ұ.Сағадиев алғы сөзімен ашып, шежіреші, ұстаз, қаламгер М.Жанболатұлы, Абай облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Әлин, ұстаздың ұрпақтары мен туыстары естеліктерімен бөлісіп, музей қызметкері А.Кенжеханқызы «Ұлағатты ұстаз, ғалым, әдіскер» тақырыбында баяндама жасады. ҚР мәдениет саласының үздігі Қ.Қабышев Абайдың «Сегіз аяқ», Ә.Қашаубаев атындағы филармонияның дәстүрлі әншісі Б.Түктібаев Шәкәрімнің «Анадан алғаш туғанда», Абай елінің бұлбұл әншісі Б.Шағатаева «Бұлбұл» әнін орындап өнерлерін ортаға салды.
Кеш барысында Мінәш Әрхамқызының шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Ұстаз қаламынан туған естеліктер, өзі жайлы жазылған мақалалар Семей қаласындағы «Жәрдем» баспа компаниясынан жарыққа шықты. Осы кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан асылдың тұяғы, М.Әрхамқызының ұлы Р.Нұрғалыұлының еңбегі орасан зор.
Әдеби кешке Абай облысы, Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, ұстаздың ұрпақтары мен туыстары, мәдениет ошақтарының қызметкерлері, студенттер қатысты.

Жаңалықпен бөлісіңіз