Жаңалықтар

Абай мұрасы Солтүстік Қазақстанда насихатталды

30 қыркүйек күні Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Адамзаттың Абайы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды.

Салтанатты шараға Петропавл қаласының мәдениет басқармасы, М.Қозыбаев атындағы университет оқытушылары мен ғалымдар, студенттер және қалалық, облыстық БАҚ өкілдері қатысты.

Қалалық филармония әнші және бишілерінің сүйемелдеуімен салтанатты шара ашылып, Абай музейінің басшылығына СҚО әкімі Қ.Ақсақалов алғыс хаты табысталды. Артынша Абай музейінің ғылыми қазметкері А.Жакупова сөз алып, екі музей арасындағы шығармашылық байланыстың нығаюына тілек білдіріп, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің директоры А.Нәбиұлына музей басшылығы атынан алғыс хат пен сый-сыяпаттарын табыс етті.

Көрмеге ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор Абай Құнанбайұлының қолының табы қалған жәдігерлер қойылды. Ақынның өзі орыс досы Н.И.Долгополов арқылы 1885 жылы Семей қаласындағы өлкетану музейіне тапсырған, артынша 1964 жылы қыркүйек айында өлкетану музейінен Абай музейіне өткізілген заттар да көрмеден орын алды.

Аталған көрме Петропавл халқы үшін бір ай көлемінде келушілер назарына ұсынылатын болады.

Жаңалықпен бөлісіңіз