Жаңалықтар

Хакім Абай мұрасы Ақжайық жерінде насихатталды

ХАКІМ АБАЙ МҰРАСЫ АҚЖАЙЫҚ ЖЕРІНДЕ НАСИХАТТАЛДЫ

18 мамыр -Халықаралық музейлер күніне орай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының «Семей десе, Абай деп қарайды адам…» атты жылжымалы көрмесі Орал қаласы, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылды. Көрмеге Орал қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін Абай музейінің қорында сақталған Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды қолжазбалар, ақынның 1885 жылы тарихи өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлері қойылды. Сонымен қатар ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлы, Абайдың ақындық өнер айналасы және Семей қаласындағы 80 жылдан астам тарихы бар қасиетті қара шаңырақ Абай музейі жайында мол мағлұматтар берілді. Салтанатты шараға Орал қаласының зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, Батыс Қазақстан университетінің профессоры т.ғ.д. М.Сыдыков, Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы С.Дүйсенов және студенттер қатысты. Абай музейінің бас қор сақтаушысы М.Абламбаева оралдық әріптестерді төл мерекемен құттықтап, музей директоры атынан тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Бижанұлына алғыс хат пен сыйлықтарын табыстады. Музейдің ғылыми қызметкері А.Жакупова қатысушыларға көрмені таныстырды. Аталған көрме Оралдық көрермен үшін бір ай көлемінде ұсынылатын болады.

Жаңалықпен бөлісіңіз