Жаңалықтар

Заңғар жазушының мерейтойы Абай елінен бастау алды

ЗАҢҒАР ЖАЗУШЫНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ АБАЙ ЕЛІНЕН БАСТАУ АЛДЫ

Бүгін Семей қаласындағы Әлихан Бөкейхан университетінде қазақтың классик жазушысы, ғұлама ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығымен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы мен Әлихан Бөкейхан университеті бірлесіп өткізді.

Заңғар жазушының 125 жылдық мерейтойына бастау берген ғылыми-тәжірибелік конференцияның тақырыбы: «Мұхтар Әуезовтің классикалық мұрасы әлем мәдениеті контексінде» деп аталып, онда Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан, еліміздің басқа да өңірлерінен келген ғалымдар баяндама жасады.

Кемеңгер жазушының мерейтойының туған жерінде бастау алған мәдени шараға келген қонақтарды ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов бастап келді. Сондай-ақ ШҚО әкімінің орынбасары А.Мухамедчинов, Семей қаласының әкімі Б.Баяхметов, М.О.Әуезов музей-үйінің директоры, жазушының ұрпағы  Диар Қонаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі М.Тәжмағамбетова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Е.Сыдықов, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры  К.Матыжанов, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Е.Ғарифолла, жазушы, ғалым, профессор Т.Жұртбай, және тағы басқа ғалымдар қатысты.

Келелі жиында бірқатар ұсыныстар айтылып, мерейтой қарсаңында атқарылатын жұмыс барысы талқыланды. Мерекелік шара ертеңгі күні жазушының туған жері Бөрілі және Жидебайда жалғасын табатын болады.

Жаңалықпен бөлісіңіз