Жаңалықтар

Ақын музейіне Жапония елінің елшісі келді

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне Қазақстандағы Жапония елінің Төтенше және Өкілетті елшісі Джун Ямада және хатшысы Иватарэ Отаро қонаққа келді. Жапон елшісі ұлы ақын музейін аралап, өзін қызықтырған сауалдарға жауап алып, музейдегі «Құрмет» кітабына қолтаңбасын қалдырды. Сонымен қатар, музей директоры Т.Шаңбай сый табыстап, естелік суретке түсті.

Абай музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай Жапония елінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джун Ямадамен екеуара болған сұхбат туралы ойын айта келіп былай деді: «Мен құрметті қонаққа Абай музейіне мемлекеттік қолдаудың ерекше екенін, соның нәтижесінде музей ХХІ ғасыр талабына сай қайта жасақталғанын, әрі Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Абайдың 175 жылдық мерейтойында өзі арнайы келіп ашқанын жеткіздім. Мені Джун Ямада мырзаның қазақ мәдениетімен, оның ішінде хакім Абай шығармашылығымен жақсы таныс екені әрі ерекше құрметпен қарайтыны тәнті етті.

Құрметті қонағымыз хакім Абай шығармаларының, жалпы қазақ мәдениеті туралы жапон тілінде жарық көрген кітаптарды Абай музейіне әкеліп тапсыратынын айтты. Біз шығармашылық байланыста болудың екі жақты пайдалы болатыны туралы ой бөлісіп, байланыс орнату туралы келістік»

Жаңалықпен бөлісіңіз