Жаңалықтар

«Ядролық сынақтардан азат әлем» көрмесінің ашылуы өтті

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде 28 шілде күні Семей ядролық полигонның жабылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ядролық сынақтардан азат әлем» мүсіндер көрмесінің ашылу өтті. Көрменің авторы суретші, мүсінші, қолөнер шебері Қ.Аймұханбетов. Көрмеде қолөнер шеберінің жиырмадан астам туындылары ел назарына ұсынылды.

Айтулы шараны Абай музейінің директоры, әдебиеттанушы-философ Тұрдықұл Шаңбай ашты. Музей басшысы: «Біздің музей даналықтың музейі. Музей қызметінің басты кредосы хакім Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деген даналық сөзіне негізделген. Алаш-Семей қаласы тұтас түркі-қазақтың қасиетті Ордасы. ХХ ғасырдың ортасында осы қасиеті мол қазақ жеріне қызыл империяның кесапатты саясатының негізінде қасірет әкелген орасан қауіпті оқиға орын алды. Ол кесапат – ядролық сынақтың жүргізілуі болатын. Оның зардабы барша адамзат баласына бүгінде белгілі. Қазақ Елі, Қазақ халқы, Қазақ Елінің Тұлғалары ядролық сынаққа «ЖОҚ» деп жауап берді. Адамзат баласы ризашылығын білдірді. Қазақ Елінде адамзат баласына нәубет әкелетін ядролық сынаққа саяси тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік қозғалыспен, өнер жолымен де күрес бір сәт толастамады. Бүгінгі Абай музейінде, яғни, адамзатты сүйетін даналық музейінде өтіп жатқан мәдени-шығармашылық шара соның көрінісі» — деп ойын қорытты. Музей басшысы көрменің авторы, суретші Қ.Аймұханбетовке алғыс хат пен сыйлық табыс етті.

Келесі кезекте «Невада-Семей» қозғалысының атынан сөз алған С.Картоев сол бір жылдарда бастан өткерген кезеңдерге тоқталып өтті. Көрме авторы Қ.Аймұханбетов өз туындыларының әрқайсысы қандай мақсатта жасалып, нендей мағына берілетінін айта келіп, көрмені ұйымдастырған музей ұжымына өз алғысын білдіріп шығармашылық табыс тіледі.

Салтанатты шараға «Невада-Семей» қозғалысының белді мүшесі С.Картоев, қаламыздың қылқалам шеберлері Н.Өтепбаев, С.Әділханов, М.Бақытбекқызы, Ф.Арғынұлы және т.б.зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонау зобалаң жылдарда елдің басынан кешкен қиын-қыстау кезеңдері мен жүргізілген сынақтардың нәтижесінде пайда болған небір зұлмат жағдайларға байланысты туындыларды осы көрмеден көруге болады.

Көрме бір ай бойы келушілер назарына ұсынылмақ.

 

Жаңалықпен бөлісіңіз