Жаңалықтар

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ ҮНІСІҢ СЕН – ДОМБЫРА!»

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында Ұлттық домбыра күніне арналған «Қазағымның үнісің сен – домбыра!» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.

Көрменің мақсаты – қазақ халқының ұлттық болмысын айқындайтын қасиетті домбыраның тарихы мен рухани құндылығын насихаттау, дәстүрлі күй өнерін дәріптеу және ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа таныту.

Музей қорында халқымыздың көптеген көрнекті тұлғаларына тиесілі домбыралар сақтаулы. Көрмеде Абай Құнанбайұлының тұмар-домбырасы, Шәкір Әбенұлының, Ахат Шәкәрімұлының, Мәдениет Ешекеевтің, Бекен Сыбановтың, Арғынбек Ахметжановтың, Нұридден Иманбаевтың және өзге де тұлғалардың домбыралары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі, Қостанай қаласындағы Абай атындағы мектебі сыйға тартқан домбыралар, Абайдың музыкалық мұрасы мен қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарына арналған ғылыми еңбектер де көрме экспозициясынан орын алды.

Іс-шараға Семей қаласы мен Абай облысының зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Жаңалықпен бөлісіңіз