Жаңалықтар

«XXI ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап» атты біліктілікті арттыру курсы өтті.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында 2023 жылғы наурыздың 28-29 күндері музей мамандарына арналған «XXI ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап» атты біліктілікті арттыру курсы өтті.

ҚР Ұлттық музейінің мамандары ұйымдастырған біліктілікті арттыру курсына ҚР Мәдениет және спорт министірлігі Мәдениет комитетіне қарасты Абай музей-қорығының мамандары мен Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Семей қаласының облыстық тарихи өлкетану музейінің және Шығыс Қазақстан Өнер музейінің мамандары қатысты.

Біліктілікті арттыру курсын Абай музей-қорығының директоры Т.Шаңбай алғы сөзімен ашты. «Музейге келушілермен өзара қарым-қатынастың интерактивті формаларының әдістемесі» (Аягөз Султанова), «Музейдің көрме-экспозициялық қызметі» (Нұрсерік Жолбарыс), «Музей заттарын қалпына келтіру және консервациялау» (Құралай Төлегенова), «Музейлік құндылықтарды есепке алу, жинақтау және сақтау мәселелері (ҚР Ұлттық музейі тәжірибесінен)» (Бәтеш Ақпасова) тақырыптарындағы дәрістер қатысушылардың қызығушылығын тудырды.   

ҚР Ұлттық музейінің мамандарына музейдің көрме-экспозициялық қызметі, музей заттарын қалпына келтіру, музейлік құндылықтарды есепке алу, жинақтау және сақтауда кездесетін көкейкесті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, сауалдарына жауап алды.

Курс қорытындысы бойынша музей мамандарына сертификаттар табысталды.

 

Жаңалықпен бөлісіңіз