Ұлылар мұрасына адалдық
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығы 30 сәуір күні Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, музей ардагері Жүнісова Майкен Қазбекқызының туғанына 75 жыл толуына орай еске алу кешін ұйымдастырды.
М.Жүнісова еңбек жолын 1974 жылы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында экскурсовод мамандығынан бастап, аға ғылыми қызметкер, кейін музей бөлімдерінің меңгерушісі болды. 1990-2011 жылдар аралығында директордың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
М.Жүнісова музей саласында ұзақ жыл еңбек етіп, өмірінің саналы ғұмырын ұлылар мұрасына арнады. Абайдың әдеби-мемориалдық музейінің қорық-музей болып қайта құрылуына, Семей қаласы мен Жидебай қорығындағы музейдің ғылыми экспозициясын дайындауға мол үлесін қосты. Абай мұрасына ыждағаттылықпен қарап, сан түрлі бағытта жұмыс істеді.
Майкен Қазбекқызы Абай музейінде істеген жылдары Мәскеу қаласынан ХІХ ғасыр аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті, орыс, батыс классикалық әдебиетінің сирек үлгілерімен, архивтік деректермен қорды жабдықтау жұмыстарына үлкен үлес қосты.
Көп жылғы табысты еңбегі үшін Майкен Қазбекқызы музейтану саласына қосқан үлесі үшін грамоталармен, 2001 жылы «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапатталған.
Кеш Абай музей-қорығының директоры Ұ.Сағадиевтің алғы сөзімен ашылды. Сонымен бірге Майкен Қазбекқызы туралы тарихшы, этнограф М.Мұхамадиев, қызметтес болған әріптестері З.Кәменқызы, А.Арықбаева, М.Мұхамедова, С.Алдажарова жылы естеліктерімен бөлісті.
Ә.Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының әншісі А.Абылқасымова Шәкір Әбенұлының «Жас туралы толғауы», Майкен Қазбекқызының сыйлас құрбысы Г.Еруова Кенен Әзірбаевтың «Бастау» әнін орындады.
Кешке Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, мәдениет қызметкерлері, туыстары, студенттер қатысты.