Жаңалықтар

Ұлттық сарын астасқан көрме

Бүгін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында Нағымбек Нұрмұхамедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің «Наурыз нақыштары» көрмесі ашылды. Бұл шара суретші Нағымбек Нұрмұхамедовтың 100 жылдық мерейтойы аясында арнайы ұйымдастырылып отырған дүние.

Шарада сөз алған Ұлан Болатұлы басқосудың маңыздылығына тоқталып, Павлодар қаласынан келген музей мамандарына Абай музейінің ұжымы атынан алғыс хат табыс етіп, музейдің баспа өнімдерін сыйға тартты.

Көрмеде Ө.Шоранов, Ә.Игембаев, В.Поликарпов, А.Аткина, Р.Стыбаев және А.Кисамиденова сынды Ертіс-Баян өлкесіне танымал суретшілердің жиырмадан астам картиналары қойылған. Көктем мерекесінің атмосферасын сездіріп, ұлттық сарын мен туған жерге деген сүйіспеншілік жиналғандарды тәнті етті.

Ашылу салтанатында Семей қаласының жас өнерпаздары І.Сабырбаев, Д.Тұрсынғазы Абай мен Шәкәрім әндерін әуелетті. Бұған қоса Абай музейі директорының міндетін атқарушы Ұлан Сағадиев пен Н.Нұрмұхамедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің басшысы Ақертіс Солтанбаев қос музей арасындағы ынтымақтастық пен шығармашылық байланысты нығайтуға арналған меморандумға қол қойды.

«Наурыз нақыштары» көрмесі Семей қаласының тұрғындары мен қала қонақтары үшін бір ай бойы қызмет көрсететін болады.

Жаңалықпен бөлісіңіз