Жаңалықтар

Тарихы терең танымдық көрме

2021 жылдың 3 қараша күні Мәдениет және спорт министрлігі қарасты Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерейтойына орай Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тамыры терең туған жер» тақырыбындағы көрменің ашылу өткізілді.

Семей және Павлодар өңірінің арасына алтын көпір орнатып, музей қызметкерлерін бір арнаға тоғыстырған бұл мәдени шара сексен жылдық тарихы бар Абай музейі мен Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің 2019 жылы қол қойылған қос музей арасындағы шығармашылық байланысты арттыру меморандумы аясында жүзеге асырылып отырған игі бастамалардың бірі.

Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейі – Павлодар өңіріндегі ірі ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі. Бүгінгі таңда музей қорында 112 мыңнан астам экспонат бар, оның көпшілігін археологиялық, этнографиялық, нумизматикалық, фотосуреттер, құжаттар, ғылыми-жаратылыстану, өндірістік, және қару-жарақ коллекциялары құрайды.

Шарада сөз алған Абай музейінің директоры, философ-әдебиеттанушы Тұрдықұл Шаңбай көрмені ұйымдастыруға атсалысқан музей басшылығы мен қызметкерлеріне алғысын білдіріп, сый-сияпат табыс етті. Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ертіс» мультимедиалық музей бөлімінің басшысы Гүлжайнат Әлиева да Ертіс-Баян өлкесінің сәлемін жеткізіп, музей қорына кәдесыйларын табыстауға мүмкіндік алды.

Көрменің ашылуына қатысқан Семей қаласының зиялы қауым өкілдері мен студенттері Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның әншісі, Халықаралық, республикалық ән байқауларының лауреаты Жасұлан Тәжиевтің орындауында Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш» әнін тыңдап, Павлодар өңірінің бай тарихынан сыр тартатын жүзге тарта жәдігермен танысып, көрмеге қатысты сұрақ-жауаптармен алмасты.

Аталған музейдің «Тамыры терең туған жер» тақырыбындағы көрмесі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музейінде бір ай бойы қызмет көрсететін болады.

Жаңалықпен бөлісіңіз