Жаңалықтар

Мұқа Әділханұлына 165 жыл

Мұқа Әділханұлы

(1857-1927)

Мұқа Әділханұлы – Абайдың сегіз қырлы өнерпаз, талантты, шәкірттерінің бірі. Ол – асқан  домбырашы, шебер скрипкашы, әнші. Мұқаның әкесі – Әділхан Жарқынұлы шебер домбырашы, Абаймен сыйлас, дос болған адам. Мұқа өз ағаларының біреуінен жесір қалған жеңгесіне ғашық болып, оны заңды әмеңгеріне тигізбей алып қашып, Абай ауылын паналаған. Абай оларға ара түсіп, бастарына азаттық әпереді, кейін Мұқамен дос болады. Музыка өнерін қаладан арнайы үйреніп келген Мұқадан Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Турағұл, Әлмағанбет, Мұхамеджан, Өтегелді тағы бірнеше жастар домбыра, гармон, скрипка тартып, музыка тілін үйренеді.

Мұқа ақын да болған. Оған Абайдың, Ақылбай мен Мағауияның ақындық ықпалы тиген. Австрия композиторы И.Штраустың «Көгілдір Дунайда» вальсін скрипкада тамылжытып тартып, соған арнап «Дунай толқындары» өлеңін шығарған. Абайдың композиторлық өнерінің, ән-күй жайындағы аталы ойларының әсерімен туындаған бұл өлең әнге жарасымды сыршылдықты, табиғаттың көркем келбетін анық танытады. Өзінің туып өскен жері – Көкен тауын суреттеп, Абайға сынатпақ болған «Көкен» өлеңінен де осы қасиет мол сезіледі.

«…Көкенге көңілің толып, Абай аға,

Берерсің өз көзіңмен беріп баға.

Ең үстін домбырамның әнге күйлеп,

Қол соқтым «Дунайская волнаға».

Бұл өлеңнен пейзаждық лириканың реалистік үлгілерін жасаған Абай поэзиясының рухы мен туған жерді сүйе білуге үндейтін патриотизмін аңғарамыз.

Абайдың Мұқа сияқты талантты ауылына алғызуы сияқты өнегелі ісі өз шәкірттерінің өмір жолында да жалғасқан. Музыкант Мұқа домбыраны да өзі жасайтын шебер болған. Ең өкініштісі Мұқаның музыкалық мұрасы нотаға түспей, жасаған домбыралары бізге жетпей қалғандығы. Мұқа скрипкада ойнап орыс күйлерін қазақ даласына әкелді.

Қ.Мұхамедхановтың айтуынша Мұқа мен М.Әуезов 1926 жылы кездескен. Көп сырласқан өнер адамын М.Әуезов «Абай жолында» Абай жанындағы жарқын тұлғалардың бірі ретінде суреттейді.

М.Әділханұлы 1927 жылы 70 жасында дүниеден өтеді. Бейіті Көкен тауында, Қандар сайында.

Жаңалықпен бөлісіңіз