Жаңалықтар

«Хат жаздым қалам алып…» көрмесі ашылды

«ХАТ ЖАЗДЫМ ҚАЛАМ АЛЫП…» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында музей қорында жинақталған хаттар топтамасынан «Хат жаздым қалам алып…» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Шараға зиялы қауым өкілдері, кітапхана, музей мамандары және студенттер қатысты.

Қорда сақталған құнды қолжазбалар, жеке тұлғалардың хаттарын көпшілік назарына ұсыну, насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көрме Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының актеры Б.Омашевтің Абай бейнесінде ақынның Мағауияға жазған хатын оқуымен бастау алды. Артынша тарихшы-ғалым А.Исаұлы 25 жыл бұрын табылған хат турасында сөз алып, қалалық Мәдениет үйінің әншісі А.Бауыржанұлы халық әндерімен мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Көрмеге Құнанбайдың Кадет корпусында оқып жүрген баласы Халиоллаға, Абайдың ұлы Мағауияға, Шәкәрімнің С.Мұқановқа, М.Әуезовтің ұлы Мұратқа жазған хаттары, сонымен қатар Абай өлеңдерін орыс тіліне аударуда алғаш қадам жасаған ағайынды Белослюдовтардың хаттары, Абай ұрпақтарының майданнан жазған үшбу хаттары қойылды.

«Хат жаздым қалам алып…» көрмесін қала жұртшылығы мен қала қонақтары бір ай көлемінде тамашалай алады.

Жаңалықпен бөлісіңіз