Жаңалықтар

Берекелі Бесқарағайға сапар

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры Т.Шаңбай мен әкімшілік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Н.Райстанов Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Бесқарағай ауданына арнайы барып қайтты. Берекелі Бесқарағайға Абай музейі басшыларының баруының өзіндік мәні бар.

2020 жылы адамзат баласы пандемия сияқты ауыр жағдайларды бастан кешіргенімен, Қазақ елінде әлем көз тіккен қуаныштар аз болмады. Сол қуаныштардың ішіндегі бірегейі хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей басшылығымен Абай ауданына және Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне мол қаржы бөлініп, көптеген тарихи-мәдени, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, абаттандырылып, қайта жөндеуден өтті. Жаңарып, қайта түлеп ұшқан қырандай болған хакім Абай музейін Ел Президенті өзі келіп ашты.

Жауапкершілігі мол жұмысты атқаруда Республикалық Абай музейіне сол кезеңдегі Абай ауданының әкімі Ж.Борашұлы да бел шешіп кірісіп, үлкен қолдау көрсетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, музей мен аудан тізе қосып, күндіз-түні еңбек етіп, хакім Абайдың мерейтойына абыроймен дайындалды. Оны ел-жұрт, келген қонақтар көрді және ризашылығын білдіріп жатты.

Бүгінгі күні Бесқарағай ауданының әкімі қызметінде абыроймен еңбек етіп жүрген Ж.Байсабыровты музей басшылығы арнайы іздеп барып, келе жатқан Ұлық мерекесімен құттықтады. Хакім Абай мерейтойына дайындық кезінде музейге қолдау жасағанына ризашылықтарын білдіріп, Жарқынбек Борашұлының кеудесіне «Абай медалі» төбелгісін тақты.

Аудан әкімі ерекше алғысын жеткізіп, болашақта да Абай музейімен байланысын үзбейтінін және мәдени шараларды бірлесіп өткізу туралы ұсыныс айтты.

Өз кезегінде, Абай музейінің директоры, философ-әдебиеттанушы Тұрдықұл Қасенұлы бұл бастаманы қолдайтынына тоқталып, хакім Абайды насихаттау баршамызға ортақ  жауапты міндет деп түйіндеді.

Жаңалықпен бөлісіңіз