Жаңалықтар

«Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов»

15 маусым күні ҚР Мәдениет және Спорт министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің жаңа экспозициясы ашылды.

Бұл музей еліміздегі Алаш қозғалысы мен Семей қаласында ту тіккен Алаш аяулыларының өмірі мен шығармашылығын, ұлт азаттығы жолында опат болған ерлердің тарихқа толы тағдырын насихаттап, толымды мағлұмат беретін бірден бір орын. Музей 1997 жылы қыркүйек айында ашылып, еліміздегі Алаш қозғалысына арналған бірінші музей ретінде белгілі. Музейдің тарихи ғимаратына 2021-2022 жылдары жөндеу және ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілген еді. Музей қызметкерлері дайындаған ғылыми тұжырымдама негізінде жаңа экспозиция дайындалды.

Экспозициядан музейге келуші меймандар А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы және т.б. Алаш қайраткерлері мен М.Әуезовке қатысты мұрағат материалдарымен және Алаш қозғалысына қатысты деректермен танысуға мүмкіндік алды.

Ашылу салтанатында сөз алған музей директоры, философ-әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрдықұл Шаңбай өз сөзінде: «Бүгін біз «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейін ашып отырмыз. Бұл үйге хакім Абайдан бастап, Алаш алыптары келіп тұрған қасиетті қара шаңырақ. Былтырғы жылы «Мәдениет және спорт министрлігінің» тікелей қолдауымен «Қазаққайтажаңғырту» мекемесі осы тарихи үйді толық жөндеуден өткізіп берді. Біз музейдің ғылыми концепциясын жасап, соның негізінде музейлендіру жұмысын жүргізуді қаржыландыруды өзіміз ұйымдастырдық. Меценаттық көмек көрсеткен ұйымдар мен жеке тұлғаларға да рахмет айтамыз. Абай музейіне қарасты осы бөлімнің ашылуына Жетісудан Мұхамеджан Тынышпаевтың ұрпақтары мен зерттеушілері келді. Алаш-Семей қаласының тұрғындары, барша келіп отырған музей қонақтары Алаш алыптарына арналған экспозицияның заманға сай толығып ашылуымен баршаңызды құттықтаймын», — деп музейді жасақтауға қолдау білдірген барша азаматтарға өз алғысын білдіріп, ел тарихын дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар ғалымдар мен зерттеушілерді марапаттады.

Семей қаласының зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар, қаламыздағы мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері – қадірлі қонақ ретінде шараға қатысқан «Мұхамеджан Тынышпаев қорының» Президенті, Алаш арысының немересі Нұршәкен Жүнісқызының бастамасымен аталған музей ғимаратында «Мұхамеджан Тынышпаев. Ғасыр жобасы» атты деректі фильмді тамашалады.

Жаңалықпен бөлісіңіз