Әсет Найманбайұлының әдеби музейінде Үржар және Мақаншы аудандарының мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Әсет оқулары» байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды
Әсет Найманбайұлының әдеби музейінде Үржар және Мақаншы аудандарының мектеп оқушылары арасында дәстүрлі «Әсет оқулары» байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл рухани шараның басты мақсаты – Әсет Найманбайұлының мол мұрасын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау, оқушылардың көркем сөз оқу шеберлігін дамыту және ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру. Байқауға баға берген әділқазылар алқасы құрамында: ҚР-ның Мәдениет қайраткері, әсеттанушы, «Мақаншы айнасы» газеті редакторының орынбасары Разуев Әбен Тұйғынұлы, мәдениет саласының үздігі, еңбек сіңірген әнші, Әсет ақынның тікелей ұрпағы Әсетова Ляззат Қожекеқызы, ҚР-ның Мәдениет қайраткері, Үржар ауданының құрметті азаматы Ысқақов Мұса Әліпұлы, Үржар ауданы, Б. Момышұлы атындағы орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Гулназия Жұмағалиқызы болды. Байқау 2 кезеңнен тұрды:
І кезеңде қатысушылар ақын шығармаларын мәнерлеп оқып, көркем сөз оқу шеберліктерін көрсетті.
ІІ кезеңде 3 – 4 бағыт бойынша арнайы дайындалған сұрақтарға жауап беріп, ақын жайлы білімдері мен дайындық деңгейлерін дәлелдеді.
Жас дарындардың сахнадағы сенімділігі, сөз саптауы мен білім деңгейі көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Осындай игі бастамалар өскелең ұрпақтың рухани дамуына серпін беріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға жол ашады.




