Жаңалықтар

Абай сырына үңілген қаламгер

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, педагог, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы-ғалым Мұрат Сұлтанбековтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Абай ұлағатынан нәр алған қаламгер» тақырыбында кездесу кеші өткізілді.

Шараның ашылу сәтінде сөз алған Абай музейінің директоры, философ-әдебиеттанушы Тұрдықұл Қасенұлы «Мұқаңның мерейтойының қара шаңырақта бастау алуы заңды құбылыс» деп ақынның шығармашылығына терең тоқталып өтті.

Басқа да зиялы қауым өкілдері әдеби ортаға «Новые стихи», «Иртышский остров» шығармалар жинағының және «Аттила» тарихи пьесасының, «Поэтическое вдохновение»: Абай, Шакарим, и Мухтар» кітабының авторы ретінде танылған Мұрат Рақымжанұлының шығармашылығы жайында сөз қозғады.

Абайдың он өлеңі мен 45 қарасөзін, Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмаларын, Рысхан Мусиннің «Сага – устье реки» романын, Турағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы» естелігін, Ақылбайдың «Дағыстан» поэмасын орыс тіліне аударып абайтану саласын дамытқан қаламгерлердің қазақ руханиятына еңбегі зор.

Қалалық мәдениет сарайының әншісі А.Бауыржанұлы Абай әндерін әуелетіп, А.Ілдербаев, Е.Мақпозов сынды күйшілер «Әлқисса» күйімен басқосудың көрігін қыздырды.

Абай облысының орталығы Семей қаласындағы әдеби шараға қатысқан  әдебиеттанушы-ғалымдар, оқытушылар мен ұстаздар, студенттер мен мектеп оқушылары шара соңында М.Сұлтанбековтың өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.

Жаңалықпен бөлісіңіз