Жаңалықтар

Абай еліне құрмет

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай мен әкімшілік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұрлан Райстанов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Абай ауданының орталығы Қарауыл селосына арнайы барып қайтты.

Абай ауданының әкімі Нұржан Абдикаримовтың қабылдауында болып, өткен жылы бірлесе істелген қыруар жұмыстардың нәтижесін талқылады.

2021 жылы Көкбай Жанатайұлының 160 жылдығын, Шәкір Әбеновтың 120 жылдығын Абай музейі мен Абай ауданы бірлесе отырып өткізгенінен Қазақ Елі хабардар. Осы және басқа да мәдени шараларға үлкен қолдау көрсеткені үшін Абай ауданының әкімі Нұржан Оразбекұлына құрметпен Музей басшысы Тұрдықұл Қасенұлы «Абай» медалін табыстады. Сондай-ақ, Би ата ауылының әкімі Дархан Амангелдинге «Абай» медалі табысталып, Абай ауданы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басшысы Сырым Рахымжанов пен шаруашылық қызметкері Ғайып Тұрайысовқа «Алғыс хаттар» табысталды.

Жанға шуақ шашқан қуанышты сәттен соң сөз алған Абай ауданының әкімі Нұржан Оразбекұлы ризашылығын білдіріп, Тұрдықұл Қасенұлына шығармашылық табыс тіледі.

Екі жақ келер жылы өтетін мәдени шараларды бірлесе талқылады. Музей басшысы Тұрдықұл Шаңбай келер жылы қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы келе жатқанын, әлем назарының Алаш-Семейге, Бөріліге ауатынын айта келіп, жоспарланған мәдени-әдеби шаралар жайында өз ойын ортаға салды.

Келер жылы өтетін мәдени шараларды алдын ала бірлесе талқылап, ортақ шешімге келіп отыру керектігі осы отырыста сөз болды.

Жаңалықпен бөлісіңіз