Жаңалықтар

«Абай жазған Қарамола Жарғысы»

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында «30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы» күніне орай «Абай жазған Қарамола Жарғысы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысының мақсаты — А.Құнанбайұлының 1885 жылы Қарамола съезінде Семей облысының бес болысының билерінің қатысуымен жазып, қабылданған ережені насихаттау, қазақ мемлекеттігінің қалыптасу кезеңдерінде қабылданған заң нормаларының тарихи маңызы жөнінде пікір алмасу.

Шараны музей директоры Ұ.Сағадиев алғы сөзімен ашып, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева «Абай жазған Қарамола Жарғысы» тақырыбында баяндама жасады.

Дөңгелек үстел жұмысына тарих ғылымдарының кандидаты М.Кәрімов, философия ғылымдарының кандидаты, профессор М.Түйебаев, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.Рахметуллиндер қатысып, «Қарамола Жарғысының» қазақ қоғамындағы орын алып отырған қайшылықтарды шешу жолындағы маңызы, атқарған рөлі туралы пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар З.Тоқаев, М.Әлин, Ш.Калиакпаров және т.б. зиялы қауым өкілдері еліміздегі азаматтық қоғам құру жолындағы заңның алатын орны, атқаратын рөлі жайында келелі ойларымен бөлісті.

Дөңгелек үстел жұмысына Абай облысы прокуратурасы қызметкерлері, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, «Әлихан Бөкейхан университеті» ғалымдары, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «№20 мекеме» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, мәдени мекеме қызметкерлері қатысты.

Жаңалықпен бөлісіңіз