Жаңалықтар

«Абай мұрасы және заманауи музей: таным, білім-ғылым және тәрбие тоғысы» тақырыбында дөңгелек үстел

Абай музейінде білім-ғылым саласында музей мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында «Абай мұрасы және заманауи музей: таным, білім-ғылым және тәрбие тоғысы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Жиында Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшілері Шерхан Талап және Ербол Алшынбай қатысып, министр Аида Балаеваның құттықтау хатын табыстады.

Абай атындағы ҚазҰПУ филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы А.Таңжарықова Абай мұраларын ұлықтауда ең алдымен ұлы ақынның атымен аталатын мәдениет пен өнер, білім ошақтарына жүктелетін жауапкершілік аса жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ Абай музейінде ашылатын ғылыми-әдеби залдың тұжырымдамасын таныстырды.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» директоры  Ұлан Сағадиев: «Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен абайтану ғылымы мен музей ісін өркендетуде ауқымды шаралар қолға алынуда. Абай мұрасын насихаттау – музей қызметкерлерінің басты міндеті. Алматы қаласынан арнайы келіп отырған ғалымдар бұл сапары Абайды танытуға үлкен жол ашарына сенім мол», – деді.

Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Еспенбетов «Абай идеяларының өзегі мен мәні», Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Хәкім Абай» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Абай мұрасын кеңінен насихаттауға үлкен үлес қосып жүрген ғалымдардың бірі Ж.Шойынбет «Абайдың «Толық адам» ілімі – бүгінгі рухани қажеттілік» тақырыбында баяндама жасады.

Шара барысында Абай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Алин, елімізге белгілі әдебиеттанушы ғалым, Абай атындағы ҰПУ профессоры Б.Әбдіғазиұлы, Абай атындағы Қаз ҰПУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты М.Бекбосынов, Семей қаласының №16 Т.Аманов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің педагог-шебері, «Абайтану» оқулығының авторы Г.Құнафина сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиесінде Абай шығармаларын оқытуға мемлекет тарапынан ерекше назар аударылып отырғанын тілге тиек етті.

Шараға қатысқан Астана, Алматы және Семей қалаларының зиялы қауым өкілдері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Хәкім Абай» орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жабал Шойынбеттің «Абай қарасөздерінің ерекшеліктері» кітабының тұсаукесері мен Абай шаңырақтарының арасындағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған меморандумға қол қою рәсіміне куә болды.

Сонымен қатар, музей меймандары Абай музейінің ұжымына «Абай» картинасын сыйға тартты.

Жаңалықпен бөлісіңіз