Жаңалықтар

Құнанбай қорымынан табылған құран музейге тапсырылды

ҚҰНАНБАЙ ҚОРЫМЫНАН ТАБЫЛҒАН ҚҰРАН МУЗЕЙГЕ ТАПСЫРЫЛДЫ

Бүгін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының қоры құнды жәдігермен толықты. 1888-89 жылдары Қазан қаласындағы баспадан жарық көрген, Ақшоқыдағы Құнанбай қорымының қабырғасынан табылған Құран кітап музейге табысталды.
Қасиетті кітапты табыстау рәсіміне орай баспасөз-конференциясы өтті. 555 беттен тұратын Құранды 1977 жылы ғалым-дәрігер Ерментай Ысламұлы, Семейдегі досына келген сапарында тапқан. Ұзақ жылдар сақталған жәдігерді аманат етіп Абай елінің тумасы, техника ғылымдарының докторы, халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі Академиясының академигі Бақдәулет Құмарға тапсырған екен. Б.Кәкімұлы білікті мамандармен бірлесе отырып зерттеу жұмыстарын жүргізіп киелі кітапты өз еліне қайтарды.
Шараға тарихшы ғалымдар, музей мамандары және БАҚ өкілдері қатысты. Жәдігерді табыстау рәсімінен кейін, Абай музейінің директоры Т.Шаңбай музей қорын құнды дүниемен толықтыруға қосқан ерекше үлесі үшін алғыс хат табыстап, сыйлықтарын ұсынды.
Б.Құмар өз тарапынан музей ауласына Алматы қаласынан арнайы әкелген ағаш көшеттерін отырғызды.

 

Жаңалықпен бөлісіңіз