Жаңалықтар

Тарбағатай-Барқытбел баурайындағы кездесу

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай мен әкімшілік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұрлан Райстанов Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Үржар ауданына жұмыс бабымен арнайы барып қайтты. Республикалық Абай музейінің бір бөлімшесі – Әсет Найманбайұлы музейі Үржар ауданы Мақаншы ауылында орналасқан.

Арнайы шақырумен Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітовтің қабылдауында болды.Нұржан Тілеужанұлы философ-әдебиеттанушы Тұрдықұл Қасенұлының басшы ретінде Абай музейін ХХІ ғасыр талабына сай жаңғыртқанын айта келіп, шығармашылық табыс тіледі. Өзіңізді біздің елдің азаматы деп Үржар ауданы мақтаныш тұтатынын айтып, ғалымның кеудесіне «Үржар ауданынының өркендеуіне сіңірген ерен еңбегі үшін» деген бағамен «Абырой» медалін тақты. Иығына шапан жауып, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне арналған «Құттықтауды» табыс етті.

Өз кезегінде Тұрдықұл Қасенұлы көрсеткен құрметіне рахметін айта келіп, Нұржан Тілеужанұлының Абай музейіне филиалына қаржылай қолдау көрсетіп, қолдап отыратынына ризашылығын білдірді. Сыйға сый дегендей, Үржар ауданының әкімі Нұржан Тілеужанұлына құрметпен Музей басшысы «Абай» медалін табыстады.

Абай музейінің басшылары рахметтерін айтып, сол күні жолға шығып Мақаншы ауылында болып, ауыл әкімі Советқан Тоғанбайұлының қабылдауында болып, Әсет Найманбайұлы мемориалдық музейіне тұрақты түрде қолдау жасап отырғанына рахмет айтып, «Абай» медалін табыстады. Ауыл әкімі музей басшыларына ризашылығын білдіріп, өнер мен мәдениетке қолдау көрсету біздің міндетіміз деді.

Одан кейін, Абай музейінің басшылары Әсет Найманбайұлы музейінің жұмысын тексеріп, нәтижесіне риза болып қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай марапат жасады. Әсет Найманбайұлы мемориалдық музейі басшысы Ләззат Қожекенқызына «Абай» медалін тағып, музей қызметкері Төкен Сегізбаевқа Облыстық Кәсіподақ ұйымының «Алғыс хатын» табыстады. Әсет Найманбайұлы музейінің барша қызметкерлеріне мереке қарсаңында сыйақы берілді.

Жиын соңында Музей басшысы Тұрдықұл Қасенұлы келесі жылы ақын Әсет Найманбайұлының 155 жылдығы келе жатқанын айтып, ұжым қызметкерлерімен келесі жылдың мерекелік жоспарын талқылады.

Жаңалықпен бөлісіңіз