Жаңалықтар

Музей күніне арналған шаралар бастау алды

Абай музейінің құрылғанына 81 жыл

МУЗЕЙ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ШАРАЛАР БАСТАУ АЛДЫ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қоры-музейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған және ақын музейінің құрылған күніне орай «Абай музейі және ұлы дала тарихының жазба мұралары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры А.Жарахметова, орталықтың бас сарапшысы А.Баймағамбетова, Шәкәрім атындағы университетінің басқарма мүшесі – әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректор І.Берікхан және кітапхана қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, шара барысында Ә.Бөкейхан университетінің дайындық бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты М.Иманжапардың «Сапарғали Әлімбетов шығармалары» кітабының тұсаукесер салтанаты өткізіліп, музей қорына бірқатар кітаптар сыйға берілді. Өз тарапынан музей директоры Т.Шаңбай орталық басшысы мен қызметкерлеріне алғыс хат табыстап, кітаптың авторына  «Абай» медалін тақты.

Артынша Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының реставраторы  Ж.Бейсенқұлов кітаптарды реставрациялау бойынша шеберлік сағатын өткізіп, тәжірибе жүзінде қағазды реставрациялау жұмысын көрсетті.

Шара соңы Астана қаласынан келген «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» көрмесімен жалғасты. Көрмеге қойылған 9 ғасырдан бастап сақталған сирек кітаптар мен қолжазбаларды орталықтың сарапшысы М.Анкабаев таныстырды.

 

 

Жаңалықпен бөлісіңіз