Жаңалықтар

Көкбай Жанатайұлы мұрасы тәуелсіздік танымы аясында

Бүгін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастырумен Көкбай Жанатайұлының 160 жылдық мерейтойына арналған «Көкбай Жанатайұлы мұрасы тәуелсіздік танымы аясында» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға еліміздің әр өңірінен ғалымдар, мектеп және жоғарғы оқу орындары, музей қызметкерлері және Көкбай Жанатайұлының ұрпағы Амангелді Көкбаев қатысты.

Республикалық конференция барысында филология ғылымдарының докторы, профессор А.Еспенбетов «Көкбай-ұлы Абайдың шәкірті», «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ж.Әубәкір «Ұлт руханиятындағы Көкбай даралығы», Павлодар педагогикалық университетінің доценті Ә.Әміренов «К.Жанатайұлы және Абду-л-Қаһир Әл-Журжани: араб грамматикасы мәселелері», Көкбай атындағы орта мектептің педагог-зерттеуші маманы «Көкбай оқулары: ақын шығармашылығының насихатталуы» тақырыптарында баяндама жасады. Сонымен қатар ақын ұрпағы А.Ахметбекұлы мерейтой қарсаңында ұйымдастырылып жатқан барлық шаралар үшін музей ұжымына алғысын жеткізді.

Шара соңында қорытынды сөз алған Абай музейінің директоры Т.Шаңбай «Абай және Көкбай: даналық пен даралықтың үндестігі (мәдени-фәлсапалық талдау)» тақырыбындағы баяндамасында «Хакім Абайдың даналық мұрасының бүгінгі күнге жетуіне Көкбай Жанатайұлының атқарған еңбегі – өлшеусіз. Ол – арнайы, түпкілікті зерттеуді қажет ететін аса өзекті тақырып», — деп айта келе, музей қызметкерлері дайындап, шығарған «Көкбай Жанатайұлы шығармалары, зерттеулер, естеліктер» кітабының тұсауын кесті.

Жаңалықпен бөлісіңіз