Жаңалықтар

«Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткіш ашылды

Семей қаласына жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев музей аумағындағы «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішін ашты. Ақынның фотосуреті негізінде бой көтерген ескеркіштің авторы – ұлдарының ұлы әкесіне деген ерекше махаббаты мен шексіз мақтаныш сезімін бейнелеуді мақсат еткен, мүсінші Нұрбол Қалиев. Қоладан тұрғызылған ескерткіштің биіктігі – 5 метр.

Композиция данышпан Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ашылды. Ескерткіште Абай ұлдары Ақылбаймен және Турағұлмен бірге бейнеленген.

Мемлекет басшысы жұртшылықты Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен құттықтап, хакімді біртұтас ұлт болып ұлықтау – біздің перзенттік парызымыз екенін атап өтті.

– Ол үшін бүгінгі буын Абай мұрасынан нәр алып, рухани кемелденуі қажет. Мына еңселі ескерткіш жас ұрпаққа тағылымды ой салуға тиіс. Абай және оның сөзі мен ісін жалғаған парасатты перзенттері Ақылбай мен Турағұл – елге үлгі болған тұлғалар. Мұнда ұрпақ сабақтастығы, әке мен баланың сыйластығы бейнеленген. Бұл – Құнанбай қажы әулетінің тектілігін танытатын туынды. Абай шаңырағының тағылымы – ұлт ұлағатының көрінісі. Жалпы тәлім-тәрбие ұлт сапасын қалыптастыратын басты фактордың бірі болуы керек! – деді Мемлекет басшысы.

Президент биыл Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өтуге ерекше мән берілгенін, мемлекеттік және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар өткенін, ақын мұрасын насихаттауға, ұлағатты сөзін жас ұрпақтың санасына сіңіруге ден қойылғанын айтты.

– Біз мерейтой кезінде ысырапшылдық пен даңғазалыққа  жол берген жоқпыз. Абай айтқан «мақтаншақтық», «бекер мал шашпақты» тыюдың бір жолы осы деп санаймын. Ұлы ойшылдың мұрасы – еліміздің одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Абайдың асқақ рухы ұлы мұраттарға жетелей берсін! – деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Абай Құнанбайұлының екі фотосуреті ғана сақталғандығын айта кетсек, соның бірі 1896 жылы Семей қаласында фотограф Н.Г.Кузнецов салонында ұлдары Ақылбай және Турағұлмен түскен суреті. Ескерткішке негіз болған бұл суретте Абай Құнанбайұлы 51 жаста. Ел ағасы атанып, би-болыстық қызметтер атқарып, үлкен тәжірибе жинақтаған, жан-жақтағы ел-жұртқа аты мәшһүр кезі. Ақылбай 35, Тұрағұл 21 жаста. Ақылбай бұл жылға дейін 5 баланың әкесі атанып үлгерсе, Тұрағұлдың жігіттік жас шағы.

Сонымен қатар ескерткіштің ашылу салтанатына ҚР-ның Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, абайтанушы ғалымдар, ардагерлер және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Арай Талғатқызы

Абайдың «Жидебай-Бөрілі»

мемлекеттік қорық-музейінің баспасөз қызметі

Жаңалықпен бөлісіңіз