ҚОҢЫР ӘБДІЛДАҰЛЫНЫҢ «ЖАРАЛЫ ДАЛА» АТТЫ ЖЕКЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КӨРМЕСІ
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында 26 тамыз 2026 жылы Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық «Тұран» сыйлығының лауреаты Қоңыр Әбділдаұлы Мұхамедиевтің «Жаралы дала» атты жеке шығармашылық көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Қоңыр Мұхамедиевтің туындыларынан туған жердің тынысын, табиғаттың үнсіз сырын, уақыттың салмағын және адам мен жер арасындағы байланысты сезінуге болады.
Музей директоры Сағадиев Ұлан Болатұлы көрменің шымылдығын ашып, көрменің мән-маңызына тоқталып, тағылымды ойларын ортаға салды.
Шара барысында Абай облыстық мәслихатының депутаты, «Абыралы-Дегелен» қоғамдық қорының және «Комитет Полигон 21» бірлестігінің басшысы Марат Серікжанұлы Құрманбай, Облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Амангелдіұлы Соғымбай, өнер саласының маманы, профессор Мадвакас Сексембайұлы, жазушы, қаламгер Шаймардан Ахмарұлы Қалиақпаров, Абай өңірлік дизайнерлер одағының жетекшісі Манас Төлеубекұлы және Абай облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алин Мұрат Сейсенғазыұлы сөз сөйлеп, көрменің маңызына тоқталды.
Әміре Қашаубаев атындағы филармония әншісі Бақытжан Түктібаев өнер көрсетіп, көрменің мазмұнын әсем әнмен толықтырды.
Көрме авторы Қоңыр Әбділдаұлы Мұхамедиев өз шығармашылығы, полигон тақырыбы және туған жермен байланысы туралы ой бөлісті.
Бүгінгі көрме — өткенді еске алу ғана емес, бейбітшіліктің қадірін түсінуге, туған жерді аялауға және тарих тағылымын ұмытпауға үндейтін тағылымды мәдени шара болды.
Шараға Облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өкілдері, зиялы қауым, суретшілер, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері, мәдениет және өнер саласының мамандары қатысты.




