Жаңалықтар

«Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі»

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тау тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Павлодар өңірі» атты жылжымалы көрмесінің ашылуы өтті.

Алғашқы болып сөз алған Абай музейі директорының міндетін атқарушы М.Қайрамбаева екі музей арасындағы шығармашылық байланыс жылдар бойы жалғасып келе жатқандығын айта келіп, Г.Н.Потанин атындағы музей басшысы А.Ержанұлына алғыс хат табыстады.

Көрмеге Павлодар өңірінің көрнекті тұлғаларының құнды заттары, сирек кездесетін құжаттар мен фотосуреттер, жеке заттары, қолжазбалар және ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін басқа да материалдар қойылды. Сондай-ақ, Мұса Шормановтың шырағданы, Шәкен Аймановтың сахналық киімдері, Майра Шамсұтдинованың киімдері де бар. Барлығы 100-ге жуық жәдігер ұсынылды.

Салтанатты шараны Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония әншісі Б.Түктібаев әсем әндерімен әрледі. Көрменің ашылуына қаланың зиялы қауым өкілдері, музей және кітапхана қызметкерлері, студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жылжымалы көрме 7 желтоқсанға дейін музей қонақтары үшін ұсынылатын болады.

Жаңалықпен бөлісіңіз