Жаңалықтар

Шәкәрім мұрасы – халықтың асыл қазынасы

ШӘКӘРІМ МҰРАСЫ – ХАЛЫҚТЫҢ АСЫЛ ҚАЗЫНАСЫ

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойына орай «Шәкәрім мұрасы – халықтың асыл қазынасы» атты көрменің ашылуы өтті.

Салтанатты шараға Семей мемлекеттік Шәкәрім атындағы университет ректоры Б.Ердембеков, ақынның ұрпағы Қайыртай қажы, қаланың зиялы қауым өкілдері және ұстаздар мен студенттер қатысты.

Шараның шымылдығын Абай атындағы музыкалық-драма театр актеры А.Нұрқасым Шәкәрім образында ашып берсе, Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония әншісі Ж.Тәжиев пен қалалық Мәдениет сарайының әншісі А.Бауыржанұлы Шәкәрім әндерін орындап, сәнін келтірді.

Абай музейінің директоры Т.Шаңбай Шәкәрім Құдайбердіұлы мерейтойы қасиетті қара шаңырақтан бастау алып жатқандығына тоқталды. Университет ректоры Б.Ердембеков ақын өмірі мен шығармашылығына қатысты өзекті мәселелерді айтып, алдағы уақытта болатын ауқымды шараларды атап өтті.

Көрмеге қазақтың классик ақыны, ойшыл, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты құнды жәдігерлер, құжаттар, архив деректері және кітаптар қойылды.

Аталған көрме бір ай көлемінде келушілер назарына ұсынылатын болады.

 

Жаңалықпен бөлісіңіз