Жаңалықтар

«Оқыған жан қолтаңбамнан танысын …» көрмесі ашылды

Бүгін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында музей қорында жинақталған көрнекті ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің қолтаңба түсіріп, музейге арнайы сыйға тартқан туындыларынан тұратын «Оқыған жан қолтаңбамнан танысын…» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Көрмеге қойылған жеке қолтаңбасымен сыйға берілген кітаптар топтамасында М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов, Р.Нұрғали, Х.Сүйіншәлиев, М.Мырзахметов және т.б. ғалымдардың зерттеу еңбектері және Ж.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ә.Нұршайықов, Ф.Оңғарсынова сынды ақын-жазушылардың шығармалары бар. Сонымен қатар әнші Т.Рахимовтың «Сәби болғым келеді» әндер жинағы, Ж.Кәрменовтың өнер тақырыбына арналған «Ақылбайдың әні» атты кітабы көрмеден орын алды.

Көрменің ашылу салтанатына музей қызметкерлері, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері қатысты. Шарада мәдениет саласының үздігі, Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Б.Түктібаев Абай әндерін орындады.

«Оқыған жан қолтаңбамнан танысын…» көрмесін қала жұртшылығы мен қала қонақтары бір ай көлемінде тамашалай алады.

Жаңалықпен бөлісіңіз