Жаңалықтар

Шәкәрім мұрасы Сарыарқа жерінде

Бүгін Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі Қарағанды қаласы, Шәкәрім атындағы гимназияда Шәкәрім Құдайбердіұлы музейінің ашылуына орай «Әрқашан ұмытылмасқа» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды.

Көрмеге қазақтың классик ақыны, ойшыл, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылығына байланысты құнды жәдігерлер, құжаттар, архив деректері және кітаптар қойылды.

Салтанатты шараға Абай музейінің директоры Т.Шаңбай, директордың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева, Алматы қаласынан шәкәрімтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Әбдіғазиұлы, Қарағанды облысы және қалалық білім басқармаларының басшылары, ұстаздар қатысты. Шара «Шәкәрім – шалқыған ақыл-парасаттың ақыны, пәлсапашыл, ойшыл қаламгер» тақырыбындағы дөңгелек үстелмен жалғасты. Сонымен қатар, zoom-платформасы арқылы да ұстаздар мен оқушылар ғалымдар сөзін тыңдап, еркін форматтағы сұхбат өтті.

Шара барысында сөз алған музей директоры Т.Шаңбай Шәкәрімге қатысты зерттеулеріне тоқталып, мектеп директоры А.Нұрабайқызына алғыс хат табыстап, мектеп музейіне бірқатар кітаптар сыйға тартып, «Абай» медалін салтанатты түрде тақты. Артынша директордың орынбасары М.Қайрамбаева музей қоры бойынша қысқаша ақпарат беріп, ақынға қатысты құнды деректер жинауда музей мамандарының еңбегі ұшан-теңіз екендігіне тоқталды.

Мерекелік шара соңында мектеп ұжымы, қатысушы ғалымдар музей ұжымына ерекше алғыстарын жеткізіп, шығармашылық байланыста болуға ниет білдірді.

Жаңалықпен бөлісіңіз