Жаңалықтар

Халық ақынына арналған көрме

15 наурыз күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының ұйымдастыруымен Абайдың ақындық өнер мектебінің дәстүрін жалғастырушы, халық ақыны Төлеу Көбдіковтің 150 жылдығына  арналған «Жүрегіне Абай сөзін сақтаған жан» көрмесі ашылды.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Төлеу Көбдіковтің анасы Қуандық Абайдың замандасы. Төлеу ақынның өзі де хакім Абайды көзімен көріп, ұлағатын тыңдаған жандардың бірі. Оның Абай туралы қалдырған естелік әңгімесі абайтану саласына қосылған зор үлестің бірі деуге болады. Өзінің Абаймен төрт кездесуі туралы жазылған еңбектер Абай Құнанбайұлының тұлғасын айшықтайтын елеулі туындылар.

«Жүрегіне Абай сөзін сақтаған жан» көрмесінде Төлеу Көбдіковтің отбасымен, ақын-жазушылармен түскен фотосуреттері және ақынның өзінің пайдаланған домбырасы мен таяғы, кісе белбеуі мен шақшасы, тағы басқа жеке заттары орын алған. Бұған қоса ақынға қатысты шежіре, өмірі мен шығармашылығынан хабар беретін қолжазбалар, кітаптар мен басылымдар Төлеу ақын тұлғасын танытуға мүмкіндік береді.

Көрменің ашылуына Т.Көбдіковтің немересі Ш.Мұратқызы мен шөбересі Е.Тегісбекұлы арнайы қатысып, ақын мұрасы мен оның зерттелуі, насихатталуы туралы тағлымды әңгіме өрбітті. М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенттері ақынның «Сарыарқа» өлеңінен поэтикалық үзіндіні әр тілде оқып, көрермен ықыласына бөленді.

Абай музейінің экспозициясынан орын алған көрмені зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен студенттер тамашалады. Аталған көрме бір ай бойы музей қонақтары мен қала тұрғындары үшін қызмет көрсететін болады.

 

 

Жаңалықпен бөлісіңіз