Жаңалықтар

«Ертістің арғы жағы, бергі жағы…»

Ақын Төлеген Жанғалиевтің «Ертістің арғы жағы, бергі жағы…» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді.

Абайдың қасиетті қара шаңырағында бүгін Шыңғыстаудың төрінен, ұлылардың елінен келген Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, ақын Төлеген Жанғалиевтың «Ертістің арғы жағы, бергі жағы…» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді.

Былтырғы жылы ақынның 70 жас мерейтойы қауіпті індеттің кесірінен тойланбай қалған еді. Хакім Абайдың музейінде өткен таңдамалы жыр жинағының тұсаукесері сол келеңсіздіктің орнын толтырғандай болды.

Шәкірттерінің оқуында ақынның өлеңдерімен бастау алған салтанатты шараның алғы сөзін музей директоры әдебиеттанушы-философ ғалым Т.Шаңбай алып: «Бүгін біздің музейде сөз өнерінің, поэзияның кеші. Музейде Абай Елі ақынының кітабының тұсаукесерінің өтуі ғажап үндестік, әрі асқақтық. Жыр жинағының атауының өзі балқаннан сібірге дейінгі құс қанаты аталатын тұтас түркі дүниесін қамтып тұр. Ақын «Ар – мұсылман болғанда, адам – кәпір» дейді. Поэзиядағы тереңдікке бойлау үшін фәлсапалық таным керек. Тағы бірде: «Көсем-жырды көптен бері көксеген…», «ойдың көзін сүрте жүр…» деген екен. Қандай ғажап. Ақын рухын ақын асқақтатып тұр. Түйіп айтсақ, Төлеген ағаның поэзиясында оның стильдік даралығы, поэтикалық қуаты айқын бедерленіп көрінген» — деп атап өтті.

Артынша Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасының орынбасары Б.Жақып Одақтың атынан құттықтауын жеткізді. Филология ғылымдарының докторы А.Еспенбетов, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Т.Әбдікәкімұлы, Семей қаласы әкімінің орынбасары А.Садырбаев, ақын, Өскемен қаласы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қ.Сарин, ШҚО Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы, ақынның шәкірті Ұ.Сағадиев және тағы да басқа ақынның замандастары, достары ыстық лебіздерін білдіріп, ақынның иығына шапандарын жауып, сыйлықтарын табыстады.

Жинақтың шығуына қолдау білдірген Халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының басқарма төрағасы Е.Бейсембаев және директоры А.Ғафуров ақынның кеудесіне «Абай» медалін тақты.

Шара соңында кештің иесі, ақын Төлеген Жанғалиев музей басшылығы мен ұжымына ерекше ықыласын жеткізіп, өз кітабын тарту етті.

Жаңалықпен бөлісіңіз