Жаңалықтар

«Бай – қуатты болайық!» көрмесі ашылды

«БАЙ – ҚУАТТЫ БОЛАЙЫҚ!» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында Қазақ телевизиясында 47 жыл қызмет атқарған ардагер журналист Нұртілеу Иманғалиұлының 70 жылдығына арналған «Бай-қуатты болайық!» көрмесінің ашылуы өтті.

Ашылу салтанатына Абай облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Садырбаев, Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Н.Тасболатқызы, «Семей» телеарнасының басшысы Х.Советханұлы, филология ғылымдарының докторы А.Еспенбетов, Н.Иманғалиұлының жұбайы Қарлығаш Советбекқызы және зиялы қауым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Шара барысында Ә.Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Г.Ноғайбаева әсем әнімен кештің сәнін келтірді.

Нұртілеу Иманғалиұлының көзін көрген зиялы қауым және шәкірттері ыстық лебіздерін білдіріп, Музей директорының орынбасары М.Қайрамбаева көрме ұйымдастыруға мұрындық болған жұбайына алғысын жеткізіп, сый-сияпаттар табыстады.

Көрмеге тележүргізуші, Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Нұртілеу Иманғалиұлының эфирде киген киімдері, жеке қолжазбалары мен жұмыс үстеліндегі бұйымдар, мерекелік және мемлекеттік наградалары, телефондары мен домбыра сынды 200-ге тарта заттары қойылды.

«Бай – қуатты болайық!» көрмесі қарашаның соңына дейін көрермен назарына ұсынылатын болады.

 

Жаңалықпен бөлісіңіз