Жаңалықтар

«Алашқа даңқы шыққан Ер Құнанбай» көрмесінің ашылуы

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында қазақ тарихында елеулі із қалдырған көрнекті тарихи тұлға, би, қоғам қайраткері Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығына арналған «Алашқа даңқы шыққан Ер Құнанбай» көрмесінің ашылуы өтті.
Құнанбай Өскенбайұлы ел ішіндегі дау-жанжалды реттеу, халық арасында билік айту мен мұсылмандықты өтеу, Қарқаралыда мешіт-медресе салдырып, Меккеде тәкие (қонақ үй) салдыру сияқты бастама көтеруде, халықтың әлеуметтік-саяси істеріне көп еңбек сіңірген. Құнанбай Өскенбайұлы — 1874-76 жылдар аралығында мұсылманның бес парызының бірі қажылық сапарын өтеген жандардың бірі. Ол Жидебай қорығындағы «Ескі там» деген жерден мектеп ашып, онда ескіше сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп, көп жыл ұстаған. Балалары Құдайберді, Тәңірберді, Абай, Ысқақ, Оспан, Халиолла сынды балалары сауатын ашқан.
Балаларының білімін одан әрі жалғастыруға да ерекше ынтызар болды. Абайды Семейдегі жаңа үлгідегі жадидтік бағыттағы діни медресеге берді. Халиолланы 1859 жылы Омбы кадет корпусына оқуға жібереді. Адамзаттың алыбы болып танылған Абайдың толыққанды тұлға болып қалыптасуына да барын салды.
Ұйымдастырылып отырған көрменің негізгі мақсаты — тарихи тұлғаның өмір жолы мен заманынан хабар беретін үлкен оқиғаларға ден қоятын отырып Құнанбай тұлғасын таныту. Көрмеде сексен жылдан астам шежіресі бар Абай музейінің қорындағы Құнанбай Өскенбайұлына қатысты елеулі экспонаттар орын алған. Бұған қоса мұрағат материалдары мен тарихи деректер, ғылыми еңбектер көпшілік назарына ұсынылды.
Ашылу салтанатына Семей қаласындағы оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, зиялы қауым өкілдері және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатысып, архив деректерімен танысты. ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Қабышев «Құнанбай» әнін шырқап, көпшілік көңілінен шықты.

Жаңалықпен бөлісіңіз