Жаңалықтар

«Әлем таныған тұлға – Мұстафа Шоқай» атты мәдени-танымдық іс-шара өткізілді.

2024 жылдың 14-15 наурызы аралығында «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы» РМҚК ынтымақтастық меморандумы аясында наурыз айының жоспарына сәйкес Астана қаласы әкімдігінің Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясы жанынан ашылған Мұстафа Шоқай музейі бірлесіп, «Әлем таныған тұлға – Мұстафа Шоқай» атты мәдени-танымдық іс-шара өткізілді. Айтулы іс-шара 14 наурыз күні «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінде «Көрісу. Амал мерекесі» дәстүрін атап өтуден бастау алды. Қонақтарға «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейінің жаңа экспозициясын таныстырып, экскурсия жүргізілді. Ауқымды мол ақпаратқа қаныққан музей қонақтары музейаралық байланысты нығайтуды қолдады.

Мәдени-танымдық шараның мақсаты:

Түркі халықтары азаттық қозғалысының көшбасшысы Мұстафа Шоқайдың тарихи тұлғасы, мағыналы өмірі, сан салалы саяси қызметі мен мол шығармашылық мұрасын насихаттау арқылы оқушыларды ұлттық рух пен отансүйгіштікке, қоғамдық белсенділік пен адамгершілікке тәрбиелеу, оқушылардың білімдерін тереңдету. «Алаш арыстары – Мұхтар Әуезов» музейімен музейаралық байланыс орнату.

Іс-шара «Рухани тоғысу. Жаңылмаған жүрек» атты Мария Шоқайға арналған фотосуреттер көрмесін таныстырумен басталды. Көрмеге бұрын-соңды ешбір ақпарат көздерінде жарық көрмеген Мұстафа Шоқайдың жары Мария Яковлевна Горинаның өмір деректерінен сыр шертетін фотосуреттер шығарылды. Келесі кезекте мектеп мұғалімдерінің қатысуымен «Менің Мұстафам» атты әдеби-композициялық қойылым көрсетіліп, «Мұстафа Шоқай» әні шырқалды. Жас мұстафатанушылар «Мектеп музейі» шолу экскурсиясын ұсынды. Іс-шара Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясы оқушылары мен мұғалімдерінің орындауындағы мектеп гимнімен аяқталды.

Іс-шара аясында музейдің аса құнды эскпонаттары, солардың ішінде ерекше атап өтуге болатыны Мұстафа Шоқайдың өзі пайдаланған портативті машинкасы, мөртаңбалары, хаттары, отбасылық альбомнан алынған Мұстафа Шоқайдың өзі түсірген түпнұсқа фотосуреттер, Мария Горинаның түпнұсқадағы концерттік бағдарламасы, ерекше литографиямен жазылған дін кітабы, Мұстафа Шоқайдың жеке мұрағатынан алынған газет қиындылары таныстырылды.

Абай музей-қорығының басшылығы өз тарапынан Астана қаласы әкімдігінің Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясының директорына, ұстаздары мен оқушыларына өз ризашылығын білдіре отырып, алғыс хаттар табыстады.

Әдеби-мәдени шараның қонағы қаланың зиялы қауым өкілдері, музей қызметкерлері, ұстаздар, студенттер және мектеп оқушылары болды. Іс-шара жоғары деңгейде өтіп, көрерменнің ықыласына бөленді.

 

 

 

Жаңалықпен бөлісіңіз