Жаңалықтар

Абайды ардақтаған жазушы музей-үйі ашылды

АБАЙДЫ АРДАҚТАҒАН ЖАЗУШЫ МУЗЕЙІ-ҮЙІ АШЫЛДЫ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының ұйымдастыруымен Абай ауданы Қарауыл ауылында көрнекті халық жазушысы, ұлағатты ұстаз, абайтану мен мұхтартану саласында қалам тербеген дарынды жазушы, Отанын қорғаған майдангер Кәмен Оразалин музей-үйі ашылды.

Сексен жылдан астам тарихы бар Абай музейінің жыл сайын қарыштап дамып, жақсы жаңалықтарымен жұртшылықты қуантып келе жатқаны белгілі. Бүгінгі таңда ашылып отырған Кәмен Оразалин музей-үйі іргетасын ұлт мақтаныштары қалап кеткен Абай музейінің оныншы бөлімі.

Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, Абай ауданының «Құрметті азаматы» Кәмен Оразалин «Абайдан соң», «Абай ауылына саяхат», «Абайдан соңғы арыстар» сынды айтулы шығармаларымен, тұғыры биік туындыларымен қазақ әдебиетінің қамбасын байытқан жазушы болумен бірге тағылымды шәкірт тәрбиелеген тәлімді ұстаз ретінде де танымал. Ол тәрбиелеп шығарған шәкірттер ұлт руханиятының алтын қазығына айналған көрнекті тұлғалар.

Кәмен Оразалин музей-үйі жазушының өмірі мен шығармашылығы хақында сыр шертіп, өскен ортасы мен балалық шағы, жастық күндері мен Семейде білім алған сәттеріне дейінгі тарихи материалдарды қамтиды. М.Әуезовпен байланысы және жазушы Кәмен туралы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері қалдырған пайымды пікірлерде музей қонақтарының таңданысын тудырары анық.

Ашылу салтанатына Семей аймағына белігілі зиялы қауым өкілдері мен жазушының шәкірттері, Абай аудандық әкімдігінің қызметкерлері мен мектеп оқушылары қатысып, музей зкспозициясымен жақын танысуға мүмкіндік алды.

Жаңалықпен бөлісіңіз