АБАЙДАН САБАҚ АЛДЫМ БАЛА ЖАСТАН…» ӘДЕБИ КЕШ ЖӘНЕ КӨРМЕНІҢ АШЫЛУЫ.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында ақын, әнші, Абайдың дарынды шәкірті, досы Көкбай Жанатайұлының 165 жылдығына арналған «Абайдан сабақ алдым бала жастан…» атты әдеби кеш және көрменің ашылу салтанаты өтті.
Әдеби кешті Абай музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Қайрамбаева алғы сөзімен ашып, асылдың ұрпағы, ақынның немересі А.Көкбаев өз алғысын білдірді. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Абай академиясы ғылыми-зерттеу институының директоры Ж.Әубәкір «К.Жанатайұлының ақындығы» тақырыбында баяндама жасады. Бөрілідегі М.Әуезов музей-үйінің меңгерушісі Ш.Исабаев, Абай облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Әлин, Ш.Жылқайдаров, З.Кәменова Көкбай ақын жайлы ойларын ортаға салды. Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Қ.Қабышев «Құнанбай», Ә.Қашаубаев атындағы филормония әншісі Б.Түктібаев «Өзгеге көңілім тоярсың» әндерін орындады.
Әдеби кеш К.Жанатайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған көрмемен жалғасын тапты. Көрмеге музей қорындағы Көкбай ақынның қолжазбалары, дастандары мен өлеңдері, архив материалдары, ғылыми-танымдық бағыттағы кітаптар мен фотосуреттер көрермен назарына ұсынылып қойылды.










